Қарағанды облысында 23 жастағы Эльмира есімді қыздың полиция бекетінде өлі табылуы қоғамда құқық қорғау органдарына деген сенімсіздік мәселесін қайта көтерді, деп жазады qandastar.kz.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекбаевтың айтуынша, бұл жағдайдан кейін ішкі істер органдары ішкі тексеріс жүргізіп, бірнеше лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Әкім «бұл тек полицияға сабақ болуы тиіс» деп айтты.
Қайғылы оқиға 30 қыркүйек күні орын алған. Полиция бекетінде қыздың денесі табылған, ал көрші бөлмеде ес-түссіз жатқан майор ауруханаға жеткізілген. Ресми мәлімет бойынша, екі адамның да денесінде зорлық-зомбылық белгілері болмаған, ал өлімнің нақты себебі сараптама нәтижесінде анықталады.
Марқұмның артында төрт жасар баласы қалғаны да көпшіліктің жүрегін ауыртты. Қазір қоғам өкілдері мен құқық қорғаушылар бұл істе ашықтық пен әділ тергеу жүргізуді талап етіп отыр.



