Жаңалықтар

Қарағанды: Полиция ғимаратында қайтыс болған әйелдің артында 4 жасар ұлы қалды

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Қарағанды қаласындағы полиция учаскесінде болған қайғылы оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бұған дейін хабарланғандай, полиция бөлімінің ғимаратынан жас әйелдің жансыз денесі мен ес-түссіз жатқан полицей табылған.

«Патриот» Telegram-арнасы облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап мәлім еткендей, көз жұмған әйел – 23 жастағы Эльмира есімді қала тұрғыны. Оның артында төрт жасар ұлы қалды. Баланы анасының жоқтығына көндіру қиын, туыстарының айтуынша, ол күн сайын анасын сұрап, іздейді, деп жазады qandastar.kz.

Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы 36 жастағы полиция инспекторының жағдайы туралы да ақпарат берді.

«Науқастың жағдайы ауыр, бірақ бұрынғыдай аса ауыр емес. Дәрігерлер оң өзгерістер бар екенін айтады», – делінген хабарламада.

Полиция майоры есін жиған соң, оны құқық қорғау органдары тергейді. Тергеу 23 жастағы Эльмира есімді қыздың өліміне байланысты жүргізіліп жатыр.

Эльмираның артында төрт жасар ұлы қалды. Туыстарының айтуынша, бала күн сайын анасын іздеп, оны күтеді. Қызды Қарағандыдағы РТИ шағын ауданында жерлеген. Қазір марқұмның нақты неден көз жұмғанын анықтау үшін химико-токсикологиялық сараптама жүргізілуде.

Белгілі болғандай, марқұм еш жерде жұмыс істемеген, баласын жалғыз өзі бағып отырған. Ал оқиға кезінде ауыр халде ауруханаға түскен полицейді ол бұрыннан таныған.

Алдын ала мәліметке сәйкес, қыз бен полиция қызметкерінің денесінде зорлық-зомбылық немесе күрес белгілері анықталмаған. Оқиғаның нақты себебі әзірге белгісіз.

Ал полицей бұған дейін Теміртауда тергеуші қызметін атқарған. Кейін жеке себептермен Қарағандыға ауысып, учаскелік инспектор болып жұмыс істей бастаған.

 

Back to top button