Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов арасындағы жанжалға байланысты Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жүргізген қызметтік тексеріс аяқталып, басшының әрекеттерінде мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі талаптарын бұзу белгілері бар деген қорытынды жасалды, деп жазады qandastar.kz сайты Koza4kov offside Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Қызметтік тексеріс 2026 жылғы 27 қаңтарда рәсімделген қорытындымен аяқталған. Құжатта оқиғаға қатысты барлық мән-жайлар зерделенгені көрсетілген. Тексеру барысында бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар, әлеуметтік желідегі бейнежазбалар, куәгерлердің түсініктемелері және бейнебақылау камераларының жазбалары қаралған.
Материалдарға сәйкес, басқарма ғимаратында Сәпиев пен Есімханов арасында физикалық жанжал болғаны расталған. Бейнежазбаларды зерттеу нәтижесі бойынша, тараптар бір-бірін ұстап, итерісу фактісі орын алған. Қорытындыда бұл жағдайдың жұмыс орнында, бөгде адамдардың қатысуы мүмкін ортада болғаны да атап өтіледі.


Тексеру жүргізген мамандар мұндай әрекеттер мемлекеттік қызметшінің мәртебесіне сай келмейтінін, мемлекеттік органдардың беделіне нұқсан келтіретінін көрсеткен. Құжатта Серік Сәпиевтің әрекеттерінде Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің 6-тармағы 5) тармақшасын және 8-тармағының 1) және 7) тармақшаларын бұзу белгілері бар екені жазылған. Атап айтқанда, азаматтар көз алдында мемлекеттік орган беделін түсіретін іс-әрекет жасау, ұжымда іскерлік және ізгі қарым-қатынас орнатуға ықпал етпеу, әріптеске қатысты әдепсіз әрі некоррект мінез-құлық таныту мәселелері көрсетілген.
Қорытындыда қызметтік тексерісті аяқталған деп есептеп, жиналған материалдарды тиісті шешім қабылдау үшін Әдеп жөніндегі кеңестің қарауына ұсыну қажеттігі айтылған.
Осылайша, резонанс тудырған оқиға бойынша ресми тексеріс нәтижесі жарияланып, іс енді этикалық орган деңгейінде қаралатын болады.



