Жаңалықтар
Қарағандыда 9-қабаттың балконынан секірмек болған ер адам құтқарылды

Қарағандыда полицейлер 9-қабаттағы балконнан секірмек болған ер адамды аман алып қалды, деп хабарлайды Qandastar.kz ақпарат порталы.
Оқиға 5 маусым күні Тәттімбет көшесінде болған.
Полиция мен төтенше жағдайлар қызметінің жедел әрі үйлесімді іс-қимылының арқасында 39 жастағы азамат құтқарылды.
Көпқабатты үйдің тоғызыншы қабатындағы балконның сыртында арқанға ілініп тұрған ер адамды көрген куәгерлер бірден құтқару қызметтеріне хабар берген.
Полиция қызметкерлері мен құтқарушылар оқиға орнына жылдам жетіп, шұғыл әрекетке көшкен.
Қарағанды қаласы Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесі бастығының орынбасары Адлет Амирбеков ер адамды әңгімеге тартып, оны райынан қайтаруға тырысқан.
— Біз келгенде ер адам өте ауыр психологиялық күйде болды. Құтқарушылар есікті ашуға әрекеттеніп жатқанда, мен балкон сыртында тұрған онымен сөйлесуге тырыстым. Уақыт санаулы еді. Әріптестерім төменгі қабатта сақтық шараларын бақылап тұрды. Ақыры бір сәтте оны ішке қарай тартып үлгердік, — дейді ол.