ЖаңалықтарЭкономика және бизнес

Қарағандыда экс-шенеунікке қатысты 6 жыл жалғасқан қылмыстық іс тоқтатылды

Алты жылға созылған сотқа дейінгі тергеу мен сот процестерінен кейін Қарағанды облысының Экономикалық тергеу департаменті бұрынғы шенеунікке қатысты қозғалған қылмыстық істерді тоқтатты. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы   Tengrinews.kz агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

Жақсылық Шалабековке қатысты қылмыстық іс 2019 жылы қозғалған. Бастапқыда оған Қарағанды қаласының оңтүстік-батыс ауданында салынуы тиіс екі көпқабатты тұрғын үй құрылысына бөлінген 120 млн теңгені жымқырды деген айып тағылған. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол құрылыс бөлімінің басшысы қызметін атқара жүріп, құрылыс жұмыстары іс жүзінде жүргізілмегенін біле тұра, мердігер компанияға аванс төлеу туралы қосымша келісімге қол қойған.

Кейін айып «қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану» бабына қайта сараланып, осы уақыт ішінде Шалабеков бірнеше рет қамауға алынып, қайта босатылған. Бірқатар айыптау үкімдері күшін жойып, іс қайтадан қосымша тергеуге жіберілген.

Жалпы алғанда, Жақсылық Шалабеков тергеу изоляторында бір жарым жыл өткізген. Алайда тергеу органдары оның кінәсін дәлелдейтін айғақтар таппаған. Жақында Қарағанды облысының Экономикалық тергеу департаменті қылмыстық істерді тоқтату туралы қаулы шығарды.

Ведомство қаулысында басқа да жеткізушілермен осындай қосымша келісімдер жасалғаны, шарттар бойынша қаражат бюджетте қарастырылып, бюджеттік комиссия мен мәслихат тарапынан мақұлданғаны, сондай-ақ заңнама бұзушылықтары анықталмағаны көрсетілген.

Сонымен қатар экономикалық тергеу органы бұған дейін қолданылған барлық бұлтартпау шаралары мен мүлікке салынған тыйымдарды алып тастап, Жақсылық Шалабеков пен өзге де фигуранттардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге және келтірілген залалды өтеуге құқығы бар екенін мойындады.

Ал Жақсылық Шалабеков соңғы алты жылды өзі мен отбасы үшін аса ауыр кезең ретінде сипаттады.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button