
Фото: Нұрболат Нұржаубай
Қарағандыда полицияның тірек пунктінде әйел адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды qandastar.kz. Оқиға болған жерде ес-түссіз жатқан полицей қызметкері де болған. Оны жедел түрде ауруханаға жеткізді.
Қарағанды облысы Полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, қызметтік тергеу де тағайындалған.
«Әйелдің өлім себебі анықталып жатыр. Тергеу барысы департамент бастығының жеке бақылауында. Барлық мән-жай тексеріліп, кінәлілер қатаң жауапкершілікке тартылады», – деді облыстық ПД бастығы Неғмет Исмағұлов.
Айта кету керек, жергілікті «Патриот» арнасы полиция майоры есірткіден артық доза алған болуы мүмкін деп жазды. Алайда бұл нұсқа әзірге ресми расталған жоқ, медициналық сараптама нәтижелері әлі дайын емес. Ведомство өкілдері расталмаған ақпарат таратпауға шақырып, мұндай мәліметтердің тергеуге кедергі келтіретінін ескертті.