Қарағанды тұрғындары бірнеше күн бойы кешкі серуеннен бас тартып жүр — күн батқаннан кейін қаланы қалың смог басып, таңға дейін тарамай тұр. Горожандар өткір иіс пен ауызда пайда болатын ащы дәмге шағымданады. Көпшілік терезе ашып, үйді желдетудің өзі денсаулыққа қауіпті болып қалғанын айтады, деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық порталы Inbusiness.kz порталына сілтеп.
Деректерге сүйенсек, Қарағанды облыстық экология департаменті ауадағы ластану деңгейінің көтерілуін ауа райының қолайсыздығымен түсіндірді.
Мамандардың айтуынша, штиль түтіннің тарауына кедергі келтіріп отыр, ал жеке тұрғын үйлерде пеш жағу жалғасуда. Сонымен қатар, қаладағы автокөлік санының жыл сайын өсуі де жағдайды нашарлатады.
Эколог Дмитрий Калмыковтың пікірінше, қаладағы ауа сапасы жыл өткен сайын төмендеп барады.
«Жыл сайын жағдай нашарлап жатыр, әрі қарай да нашарлай береді. Бұл — Қарағандыдағы ауаның сапасына қатысты. Бұған ешқандай құралдың керегі жоқ, Kazhydromet сайтына да қараудың қажеті жоқ. Ластағыштардың нормадан қанша есе асып тұрғанын мұрынмен де, көзбен де анық көруге болады», — дейді ол.
Билік өкілдері мәселенің бір бөлігі газдандыру қарқынына байланысты екенін айтады. Энергетика және ТКШ басқармасының бөлім басшысы Адай Қуаныштың айтуынша, магистральдер тартылғанымен, көптеген үйлер әлі газға қосылмаған.
«Бүгінде 8500-ден астам жеке тұрғын үй газ құбыры желісіне дейін жеткізілген. Оның ішінде 6400-ден астамына техникалық шарт берілді. Ал қосылғаны — 4300 үй. Иә, айырмашылық бар. Біз газды жеткізіп қойдық, бірақ кей тұрғындар әлі күнге дейін қосылмаған», — дейді ол.
Басқарма дерегінше, өңірді толық газдандыру 2036 жылдан ерте аяқталмайды. Жалпы 30 мыңға жуық үй газға қосылуы тиіс. Биыл газдандыруға шамамен 15 млрд теңге бөлінгенімен, бұл қаражаттың барлығына бірдей жетпеген. Саран тұрғындары мен Дубовка және Ақтас елді мекендерінің халқы бес жылдан бері кезек күтіп отырғандарын хабарлайды.



