Танымал әнші Қарақат Әбілдина өнер жолында жүргеніне 25 жыл толуына байланысты есеп беру концертін өткізуді көздеп отырғанын айтты, деп жазады qandastar.kz.
Өнер иесі бұл жайында әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, өткен жылдарға ой жүгіртті.
«Арман-ай…
Бірге жүрдік бірталай,
Сол күндерім – жыр талай…
Қайран жиырма бес… Күні кеше ғана сияқты еді. Міне, биыл сахнада жүргенімізге де 25 жыл толыпты. Уақыт қалай өткенін байқамай да қалыппыз», – деп жазды әнші.
Қарақат Әбілдина биыл бірқатар әріптестерінің де сахнадағы 25 жылдығын атап өтуді жоспарлап отырғанын айтты.
«Алла қаласа, алдағы көктемде мен де халқыма есеп беріп, сахнадағы жиырма бес жылымды атап өтсем деп ойлаймын», – деді әнші.
Өнер иесі осы жылдар ішінде 100-ден аса ән жазылғанын, алайда олардың барлығын бір кешке сыйғызу мүмкін емес екенін де жасырмады.



