Кейінгі жылдары Қазақстан климат өзгерісінің зардабын тартуда. Әсіресе, жыл сайын құрғақшылық, су тапшылығы, ауа райының құбылуы салдарынан жердің құнарсыздану процесі белең алып отыр. Үкімет мәселені шешу үшін карбон егіншілігін дамытуға ниетті. Осы орайда Қазақстандағы карбон егіншілігі экологияға қалай әсер ететінін әрі билік қабылдаған шешімдердің ықтимал нәтижесін талдап көрейік.
Карбон егіншілігі дегеніміз не?
Қазақстанда жылдық орташа температураның өсуі әлемдік деңгеймен салыстырғанда өте жоғары. Мысалы, 10 жыл ішінде әлемдегі температура +0,19°C‑ке өссе, Қазақстанда +0,36°C‑ге тең. Бұл өзгеріс кейінгі жылдағы шөлейттену, өзендер суының азаюы және экстремалды ауа‑райының жиілеуіне әкеліп соқты.
Жалпы температура көтерілуінің басты себебінің бірі – көмірқышқыл газының шамадан тыс көп бөлінуі. Қарапайым тілмен айтсақ, кәсіпорындар мен автокөліктен шыққан парниктік газдар атмосферада жылуды ұстап, планетаны қыздырады. Салдарынан мұздықтар еріп, күннің күрт жылуы белең алды.
Сондықтан әлем көмірқышқыл газын азайту, яғни «көміртексіздендіру» (декарбонизация) деп аталатын үрдісті бастады. Қазір декарбонизацияны толық жүзеге асырудың екі бағыты белгілі. Алғашқысы – өнеркәсіптегі көміртектің бөлінуін азайту. Ол үшін өнеркәсіптегі өндіріс моделін қайта әзірлеп, парниктік газдар шықпайтындай технология қолдану керек. Бұл өте қымбат әрі оны әзірге жаппай қолданысқа енгізу мүмкін емес. Оның үстіне Қазақстан секілді шикізат өндірісіне тәуелді ел үшін көмірқышқыл газын бөлетін өнеркәсіптерден бір күнде бас тарту қиын.
Екінші амал – карбон егіншілігі. Мұнда ауадағы парниктік газдарды сіңіретін өсімдіктерді егуге басымдық беріледі. Мәселен, кейбір балдыр мен бактерия көміртекті оттегіге айналдыратын қабілетке ие. Қарбон егіншілігі осы заңдылыққа сүйеніп, CO2-ні барынша сіңіруге қабілетті өсімдіктерді егуге арналған. Оған қоса топырақ қабатын сауықтыру, карбон полигондарын салу, топырақтың құнарын арттыратын биологиялық тыңайтқыштарды қолдану секілді тақырыптарды да қамтиды.
Оксфорд университетінің бағалауынша, Қазақстан жыл сайын топырақ пен өсімдіктер арқылы 535 млн тоннаға дейін CO₂ жинай алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев СОР29 Дүниежүзілік климат саммиті кезінде Қазақстан көміртекті егіншілікті дамытуға мүдделі екенін айтқан болатын. Президенттің сөзінше, Қазақстанның ауыл шаруашылық алқаптары көміртекті егіншілікті енгізуге қолайлы мүмкіндік береді.
– Қазақстан – көміртекті егіншілікке, яғни ауаға таралатын парниктік газдың мөлшерін азайту және топырақты құнарландыру арқылы ауыл шаруашылығын жүргізу әдістерін енгізуге қолайлы мемлекет. Бұған еліміздегі ауыл шаруашылығына жарамды 200 миллион гектар жер мүмкіндік береді. Қызығушылық танытқан тараптарды Қазақстанның осы саладағы әлеуетін зерттеуге шақырамын, – деген еді президент.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі берген мәліметке сенсек, елдегі ауыл шаруашылығы алқаптарының жалпы ауданы – 219 млн га, оның ішінде жайылымдық жерлер – 183,1 млн га (әлем бойынша 5-орын). Бұл — көп шығынсыз ауқымды форматта көміртекті жобаларды жүзеге асыруға таптырмас ресурс.
Осыны ескере отырып, Үкімет 2025 жылы 4 қарашада 2026-2028 жылдарға арналған «Қазақстанда көміртекті егіншілікті енгізу жөніндегі Жол картасын» бекітті. Оның негізгі бағыты – жер және экологиялық заңнамасына тиісті өзгерістер енгізу. Жол картасында топырақтағы көміртегі мөлшерін бағалау жүйесін қалыптастыру, цифрлық платформа құру, көміртекті полигондар ашу және фермерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу көзделген.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Жер ресурстары және кадастр» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, карбон егіншілігі саласының тәуелсіз сарапшысы Гүлсім Айтхожаева мұның өзгеше тұстарын саралады. Оның айтуынша, бұл бағыт дәстүрлі тал егуден мүлде бөлек.
– Карбон егіншілігі топырақ пен биомассадағы органикалық көміртек қорын көбейтуге арналады. Мұнда жер жырту, дақылдарды таңдау, аралас агроорман шаруашылығы, жайылымды бақылау секілді бағытта өзгешелік бар. Егер дәстүрлі егіншілікте басымдық өнімді жылдам алуға берілсе, карбон егіншілігінде топырақ құнары мен зиянды газдарды сіңіру басты орында, – деді ғалым.
Гүлсім Айтхожаеваның айтуынша, карбон егіншілігіне кез келген жер жарамайды. Топырақ құрамын бағамдамаса, мұндай егіншілік түк пайда бермеуі мүмкін.
– Бірақ бұл парниктік газдарды сіңіретін талды кез келген жерге егуге болады деген сөз емес. Қазақстанда жердің ауқымы кең, топырақ райы санқилы. Басым аумақ жартылай шөлейтті, топырағы эрозияға ұшыраған. Мұндай аймақтағы талдың топыраққа да, қоршаған ортаға да көмегі аз. Сондықтан карбон егіншілігін дамыту үшін кей топырақтың құнарын арттырып, ағаштардың жергілікті қуаңшылыққа бейімделуіне дайын болу керек, – деп қосты профессор.

Топырақтың құнары кемісе, ол көміртекті сіңіре де, сақтай да алмайды. Ал заманауи агротехнологияны қолданып, минералды заттармен байытар болсақ, онда топырақ өндіріс ошақтарынан бөлінетін көмірқышқыл газын бойына тартып, табиғи сүзгіге айналады. Нәтижесінде парниктік газдардың көлемі де қысқармақ.
Демек, карбон егіншілігі топырақ сапасын зерттеуден басталады деген сөз. Бұл ретте «Бір ай бұрын қабылданған Жол картасында аталған мәселе ескерілген бе?» деген ресми сауалға жауапты ведомство жауап берді.
«Жол картасына сәйкес, 2027 жылдан бастап «Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» көміртегі мониторингін жүзеге асырады. Кәсіпорынның ел бойынша 15 филиалы, 14 аттестатталған зертханасы бар және 600-ден астам маман осы бағыт бойынша қажетті құзыретке ие.
Сонымен қатар ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясымен ынтымақтастық орнатылған. Ол көміртегінің аэрожүйелердегі айналымын басқаруға қатысты ғылыми-технологиялық шешімдерді әзірлеу мен сынақтан өткізуді іске асырады», – делінген министрліктің жауап-хатында.
«Көміртек капиталы»: карбон егіншілігі табысты ма?
Қазақстанда карбон егіншілігі арқылы тек парниктік газдарды азайтып қоймай, табыс табу мүмкіндігін де қарастыру маңызды. Мұндай жүйе қолға алынса, карбон егіншілігімен айналысатын шаруалар пайдаға кенелуі мүмкін. Өйткені ірі халықаралық агрокомпаниялар көміртекті тәжірибені таңдағаны үшін фермерлерге сыйақы төлейді. Оның үстіне халықаралық корпорациялар көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін «офсет» деп аталатын жүйені құп көреді. Оны Google, Microsoft, Delta, JPMorgan Chase және Goldman Sachs секілді алып компаниялар сатып алады.
– Мысалы, бір аумаққа парниктік газдарды сіңіретін ағаш егілді делік. Көп өтпей бұл ағаштардың белгілі бір уақыт ішінде қанша көмірқышқыл газын сіңіргені есептеледі. Сіңірілген әр тоннаның өзіндік құны бар. Инвестор өз қаражатына егілген орман жылына қанша көмірқышқыл газын сіңіргені туралы ақпаратты, яғни офсетті арнайы платформаға шығарады. Кейін оны компаниялар сатып алады, – деді Гүлсім Айтхожаева.
Бұл жүйе әлемде «көміртек нарығы» деген атаумен танымал. Халықаралық компаниялар офсеттерді сатып алу арқылы климаттық жобаларға қаржылай қолдау көрсетеді және өзінің рейтінгісін көтеруге мүмкіндік алады.
Есте болса, жақында қазақстандық медиа кеңістікте СОР29 Дүниежүзілік климат саммиті кезінде Қолданбалы жүйелерді талдау халықаралық институты (IIASA) зерттеу тобының жетекшісі Майкл Оберштайнердің Қазақстанның көміртек нарығы туралы болжамы жарияланды. Сарапшы бұл нарық климаттық, әлеуметтік салаларға қалай әсер ететінін талдаған.
– Қазақстан көміртекті сақтау және жинау бойынша үлкен мүмкіндіктерге ие. Жыл сайын шамамен 535 миллион тонна көміртекті басқаруға болады. Егер оны халықаралық нарықта тоннасына 100 доллардан сататын болсақ, онда ел 2050 жылға дейін жылына 35 миллиард доллар табыс табуы мүмкін.
Қазақстан үшін көміртек жинау – тек экологиялық маңызды қадам ғана емес, сонымен қатар үлкен экономикалық табыс көзі.
Бұл елдімекендердің дамуына серпін береді. Себебі карбон полигонының әр 10 гектары екі жұмыс орнын ашады. Бұл ел халқының 45 пайызы өмір сүретін ауылдардың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға сеп, – дейді Майкл Оберштайнер.
Сонымен, карбон егіншілігінің басты табысы – офсет саудасы. Дегенмен оның нарықтағы бағасын, нақты айтсақ, көміртегі кредиттерін есептеу оңай шаруа емес.
Толыққанды талдасақ, әлемде көміртегі кредиттерін есептеу екі жүйеге бөлінеді. Біріншісі, реттелетін нарық (compliance) – мемлекеттік. Мұнда есептеу және мониторингте IPCC, ал сауда мен квоталауда Еуропалық ETS моделі қолданылатын. Еліміз 2013 жылы өзінің қазақстандық шығарындылар саудасы жүйесін (ҚАЗШСЖ) енгізді. Мұнда 1 тонна CO₂ құны 1 доллар шамасында деп белгіленді. Алайда инвесторлар мен шаруалар құлық танытпағандықтан, 2022 жылы нарықтағы сауда тоқтады.
Екінші жүйе – ерікті (voluntary). Нарықтың қызметі туралы Chapter Zero Kazakhstan бас директоры Арай Серікжанова айтып берді.
– Ерікті нарықта жағдай өзгеше. Қазақстанда ұлттық ерікті стандарттар әлі қалыптаспағандықтан, компаниялар халықаралық деңгейде мойындалған жүйелерге сүйенеді. Ең басты стандарттар – Verified Carbon Standard (Verra), Gold Standard, Global Carbon Council. Мұнда офсет сіңірілген CO₂ көлемімен емес, жобаның климатқа нақты қалай әсер еткенімен өлшенеді. Елдегі орман өсіру, топырақ көміртегін сақтау жобалары да осы нарықтың принципі арқылы жұмыс істейді.
Қазақстан нақты бір елдің моделін көшірмей, реттелетін нарықта Еуропалық ETS тәжірибесін, ал ерікті нарықта – халықаралық мойындалған стандарттарды үйлестіріп отыр. Бұл тәсіл елімізге климаттық саясатты халықаралық нормалармен сәйкестендіріп, жаңа мүмкіндіктерді пайдалану жолын ашады, – деді Арай Серікжанова.

Биыл маусым айында Президент көміртекті офсеттерді сатуға байланысты бірқатар заңға өзгеріс енгізген болатын. Содан соң бір ай өткенде Chapter Zero Kazakhstan халықаралық көміртекті несиелер брокері Valor Carbon стратегиялық серіктестік орнатты.
– Келісім шеңберінде Valor Carbon компаниясы Chapter Zero желісіне кіретін компанияларға білім беру сессияларын өткізеді. Арнайы нарықтық шолу мен көміртегі жобаларына талдау жасайды. Әлемдік нарыққа ену үшін стратегиялардың каталогы да әзірленбек. Бұл байланыс – Қазақстанның Ұлттық деңгейде айқындалатын үлестер серіктестігі (NDC Partnership) бойынша міндеттерін орындауға жасалған қадам, – деді Chapter Zero Kazakhstan бас директоры.
Климаттық ақпараттан карбон егіншілігіне дейін
Кейінгі жылдары Қазақстан карбон егіншілігін дамыту үшін инвесторлар іздеуде. Жауапты министрлік халықаралық компаниялармен байланыс орнатуға ниетті. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, қазір жүзеге асып жатқан жобаларды атады, бірақ олардың басым бөлігі пилоттық режимде.
– Қазақстанда Жаһандық экологиялық қордың (ЖЭҚ-7) «Климаттық тұрақтылықты қамтамасыз ету және жайылымдарды қалпына келтіру үшін агроорманмелиорация» жобасы іске асуда. Жоба шеңберінде жайылымдарда көміртекті жобаның пилоттық моделі сынақтан өтіп жатыр.
Бірнеше жобаны ерекше атауға болады. Rakurs-Tech компаниясымен бірлесіп, MRV жүйесін (мониторинг, есептілік, верификация), SOC карталарын (топырақтағы органикалық көміртек), пилоттық учаскелерде көміртек әлеуетін есептеу жүргізіліп жатыр. Алматы облысының Балқаш ауданында және Жетісу облысының Алакөл ауданында орналасқан 4 мың га аумақта интенсивті жайылымды қалпына келтіру басталды. Ақтөбе облысының Әйтеке би және Қобда аудандарында 100 мың га экстенсивті жайылымдарды басқару жолға қойылды, – деді Ербол Тасжүреков.
Айта кетерлігі, Қазақстан 2026-2028 жылдары ФАО-мен бірге «Қазақстанда көміртекті егіншілікті дамыту» жобасын қолға алмақ. Жоба топырақтағы көміртегінің ұлттық мониторинг жүйесін құруды және оны цифрлық картада бейнелеуді көздейді. Министрлік мамандары шара инвестициялық тартымды экожүйені қалыптастыруға мүмкіндік береді деген пікірде.
Алайда елдегі карбон егіншілігіне инвестор тарту мәселесі аянышты күйде болып қалып отыр. Сарапшы Гүлсім Айтхожаева мұның басты себебі инфрақұрылымда жатыр деп топшылайды.
– Көміртегі нарығына шығу үшін деректер мен зерттеулердің нық болуы маңызды. Бізде барлық өңірдегі топырақтың түрі, олардың олардағы көміртегі құрамы толық зерттелген жоқ. Қолда бар деректер аз және олар тым шашыраңқы жасалған.
Екіншіден, Қазақстанда көміртегін сіңіретін өсімдіктер мен топырақтарға ұзақмерзімді бақылау болған емес. Жерді өңдеу кезінде топырақтың көміртекті сіңіру қабілеті қалай өзгеретінін, уақыт өте тиімділігі қалай құбылатынын білмейміз.
Тіпті, карбон егіншілігі арқылы нақты қанша көміртегі жинай алатынымызды дөп басып айту қиын. Оны нақты болжайтын зерттеу моделі керек, – деді сарапшы.

Бильдредактор: Ақтілек Бітімбай
Расында, Қазақстанда климат, жауын-шашын, температура, құрғақшылық секілді құбылыстардың көміртегіні сіңіруге қалай әсер ететіні туралы зерттеулер қат. Бұл бағытта АҚШ пен Еуропа тәжірибесін қолданысқа енгізу өзекті. Мысалы, аталған аймақта билік пен ғылыми ұйымдар тың тәжірибелерді талдап, жаңа технологияларды әзірлеу үшін зерттеулерді қаржыландырады. Ұйымдар тіпті стандарттар мен сертификаттауды әзірлеуді дәстүрге айналдырған.
Бастысы, карбон егіншілігімен айналысатын шаруаларға қаржылық қолдау үзілмейді. Олар субсидия мен салық жеңілдігін алып, көміртекті топырақта сақтағаны үшін қаржы алады. Мысалы, АҚШ-та Conservation Stewardship Program (CSP) және Environmental Quality Incentives Program (EQIP) іске асуда.
Ал Қазақстанда ешқандай жеңілдік жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігіне «Карбон егіншілігімен айналысатын кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырыла ма?» деген сауал жолдадық. Ведомство: «Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, көміртекті (карбондық) егіншілікпен айналысатын субъектілерге арнайы мемлекеттік жеңілдіктер қарастырылмаған», – деп қысқа қайырды.
Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, карбон егіншілігі алдымен шаруалардың өзіне тиімді болар еді. Себебі мұндай өнім әлемдік нарықта бағалы.
– Карбонды ауыл шаруашылық топырақты қалпына келтіреді. Пестицидтерсіз, пайдалы заттарға бай сапалы өнім алуға мүмкіндік береді. Мұндай өнім Еуропада үш есе қымбат тұрады. Бірақ, мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін жүйелі жұмыс қажет. Ең алдымен, ақпараттық қолдау, субсидияларға көзқарасты қайта қарау, фермерлерді жаңа механизмдерге тарту маңызды. Біз өндірушілерге көміртексіз ауыл‑шаруашылық — абстракт емес, нақты табыс пен дамудың қайнары екенін түсіндіруіміз керек. Сонда ғана ел әлемдік нарыққа қадам баса алады. Қазір Қазақстан ЕС‑ке органикалық өнім экспорты бойынша ТМД‑да көшбасшы. Ресей мен Украинадан озып тұр, – деді ол БАҚ-қа берген пікірінде.
Қазақстанның 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында айтылғандай, елдегі ауыл шаруашылығында пайдаланылатын топырақтың 75 пайыздан астамы тозған. Зерттелген аумақтағы қарашірігі аз жыртылатын топырақтың үлесі 62,5%-ға жетеді. Мұның барлығы шығымдылықтың төмендетуден бөлек, қалтаны да қағып жатыр.
Тағы бір ескерер тұс, карбон егіншілігінің ықимал кері әсері де жоқ емес.
– Жобалар нашар жоспарланса, қауіп те айналып өтпейді. Құрғақшылық жылдары биомассаның өсімі төмендейді, органикалық заттардың минералдануы және эрозиялық жоғалту қаупі артады, осының бәрі SOC теңгеріміне теріс әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұндай жобалар құрғақшылыққа бейімделген болуы тиіс. Өсімдік тамырын қорғау, жайылымды басқару мен эрозияны азайту шараларын ұмытпаған жөн, – деді Гүлсім Айтхожаева.
Сонымен қатар шаруалар мен сала мамандарының білімін жетілдіру, құқықтық тұрғыда қолдау да басы ашық мәселе. Қазір елде болашақ көміртек кредиттерінің меншік құқы нақты кімге тиесілі болатыны, карбон егіншілігімен айналысатындарға салықтық-субсидиялық жеңілдіктер беру жайы шешілген жоқ.
Оның үстіне мамандарды әзірлеуге бағытталған заңнама жоқ. Мәселен, Еуропада карбон егіншілігімен айналысатын шаруалар мен сала мамандарына арналған білім беру бағдарламалары бар. «4 per 1000 Initiative» секілді халықаралық бастамалар фермерлерге тәжірибе алмасып, білім жетілдіруге мүмкіндік беруде. Осыған қарап, Қазақстанда да салалық ЖОО-ларда арнайы маман даярлау ісін қолға алатын уақыт жеткен секілді.
Британдық компания Қазақстанда 30 жыл орман отырғызады
Бұған дейін мемлекет карбон егіншілігін дамытуға бағытталған жобаларға қаржы құйған емес. Кейінгі жылдары ғана азғантай қарқын байқалады. Оның ең ауқымдысы – британдық SEFE Marketing&Trading Limited компаниясымен келісім екен. Үкімет дерегіне сүйенсек, британдық компания 30 жыл бойы орман отырғызып, көміртегі бірліктерін шығарады.
Осы мақсатта Алматы облысында 1500 га аумақта орман экожүйесі құрылмақ. Онда терек, қарағаш, тораңғы, қайың, ерен ағашы, итмұрын, шырғанақ секілді 3,3 млн ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Болжам бойынша, орман жылына 26 тонна CO₂-ні сіңіреді. Болашаққа жоспар түзіп, 30 жыл алға есептесек, 1,2 млн тонна көмірқышқыл газы жойылады. Ол гектарына 780 тонна CO₂-ға тең.
Сонымен қатар өткен айда Қазақстанда алғашқы агроклиматтық көміртек полигоны – «KAZ AGRO CARBON» ашылды. Мұнда топырақтағы көміртегі теңгерімін, CO₂ және CH₄ ағынын өлшейтін камералар мен сенсорлар орнатылған. Полигонда температура, ылғалдылық және жауын-шашын көрсеткіштін тіркейтін метеорологиялық бекеттер жұмыс істейді.

Тәуелсіз сарапшы Гүлсім Айтхожаеваның айтуынша, карбон полигондарын құру кезінде Big Data мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолданған дұрыс.
– Big Data мен жасанды интеллекттің карбон егіншілігіне көмегі көп. Олар арқылы спутниктерден, датчиктерден және дрондардан алынған деректерді пайдаланып, топырақта қанша көміртек жиналғанын дәл өлшеуге мүмкіндік бар.
Мұндай технологиялар егіннің нәтижесі қандай болатынын алдын ала болжауға қабілетті. Құрғақшылықты немесе өсімдік ахуалының нашарлауы секілді проблемаларды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Нақты мәліметтердің арқасында фермерлер де көміртек кредиттерінен және өнім алу тұрғысынан табысқа кенеледі, – деп қосты Гүлсім Айтхожаева.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда көміртекті есептеу мен бақылау үшін көп деңгейлі MRV жүйесі қажет. Топырақты 0-10 см, 10–30 см және 1 метрге дейін тереңдіктен іріктеп, органикалық көміртегі мен топырақ тығыздығын анықтау керек. Фикс-алаңдар арқылы қайта өлшеу және өзгерістерді бақылау маңызды. Сонымен қатар топырақтың CO₂ сіңіру қабілетін флюкс-станциялар, спутниктік деректер және жасанды интеллект модельдерін пайдалана отырып жүйелі түрде бағалау кезек күттірмейді. Бұл ретте алқаптарды қашықтан бақылау – Қазақстан үшін ең тиімді жол болмақ.
Экология министрлігінің мәліметінше, биыл 4 қарашада 2026-2028 жылдарға арналған «Көміртегі шаруашылығын енгізу және дамыту» жөніндегі жол картасы бекітілді. Жоспарға сәйкес, Экология министрлігі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, топырақтағы көміртегі құрамын мониторингілеу және оның таралуын көрсететін цифрлық картаны қалыптастыру үшін геопортал құруға жұмыс істеп жатыр.
P.S. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отырғанын атап өткен еді. Осы тұрғыдан алғанда, бұл қадамдар көміртексіз экономикаға қол жеткізудің алғышарты саналады.
Ерсін Шамшадин



