Президент «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бұл құжаттың ішкі саясат саласы үшін маңызын атап өтті, деп жазды qandastar.kz
«Ұлттық құрылтайдың Бурабайда өткен IV отырысында Мемлекет басшысы сарапшылар мен қоғам өкілдерінің ішкі саясат саласында тұжырымдамалық құжат қабылдау қажет деген бастамасын қолдады. Одан кейін Президент Әкімшілігі жарты жылдан астам уақыт бойы түрлі пікірталас алаңдарында Ұлттық құрылтай мүшелері, сарапшылар және қоғамдық ұйым өкілдері қатысқан талқылаулар өткізді.
Сараптамалық талқылаулар нәтижесінде ішкі саясатты жүйелейтін тұжырымдамалық құжат жобасы дайындалды. Бүгін Мемлекет басшысы осы құжатқа қол қойды.
Жарлық бірінші кезекте мемлекеттік органдар үшін ішкі саясатты үйлестіру және жүйелеу құралы болып табылады. Сонымен бірге, ол қоғамға мемлекеттік саясаттың идеялық мәнін түсінуге және Қазақстанның болашақтағы дамуының бағытын айқындауға мүмкіндік береді», – деді Ерлан Қарин.



