Жаңалықтар
«Қарсы көрсетілімі бар дәрі еккен»: Түркістан облысында ауруханаға өз аяғымен барған қыз көз жұмды
Түркістан облысы Жетісай қаласында ауруханаға барған қыз көз жұмды. Жібек Есқараның ата-анасы бұған жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісін кінәлап отыр. Қыздың туыстарының сөзінше, ыстығы қатты көтеріліп, денесі қызарған 10 жастағы қызға дәрігер диагнозды дұрыс қоймаған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап.
Сондай-ақ дәрігерлер жасөспірімге қолдануға қарсы көрсетілімі бар дәріні егіп жіберген.
Ауруханаға жедел жәрдеммен барған қызымның денесі бір тәулікте үйге қайтты. Үш күн бұрын кішкентай Жібектің мәйітін жер қойнына тапсырдық. Қызуы 40 градусқа дейін көтерілген қызымның диагнозын дәрігер алғашында дөп таба алмады. Қызымның Цеф-3 дәрісіне аллергиясы бар деп қанша ескертсем де дәрігерлер балама екпені салып жіберген. Бір сағат өтер етпес қызым судоргы ұстады. Мен айғайладым, көмектесіңдер деп жатырмын, жоғары температурамын түсіп жатырмыз. Дәрігер Айман деген хабар алған жоқ. Реанимацияның дәрігерлері сұрады, преднизолон салдыңдар ма, жоқ бізде деді. Аллергосепт салдыңдар ма, жоқ бізде деді. Сендерде не аппарат жоқ, я дәрі жоқ неғып жүрсіңдер деді дағы реанимацияға алып кетті қызымды. 8 күні кешкі 8-де қызымның денесін алып қайттым ғой мен, – деді марқұмның анасы Райхан Жорақұлова.
Анасының сөзінше, аудандық орталық ауруханада тегін берілуі тиіс препараттар табылмаған соң айналадағы дәріханаға барған. Айтқандарын айнытпай апарып тұрса да, дәрігерлер қыздың өмірін сақтап қала алмаған. Жансақтау бөліміне түскен 10 жастағы Жібектің жағдайы меңгерушінің кесірінен тіптен күрделеніп кетті дейді әкесі.
Олар енді әр түрлі сөйледі. Басында жақсы деді, кейіннен ісіп бара жатыр деді. Ауырып бара жатыр деді. Ол жағына жиналып бара жатыр деді сары су. Сомен мен де аң-таң боп қалдым, – дейді марқұмның әкесі Ғабит Аралбаев.
Ал аурухана басшылығы бұл жағдай бойынша ұжымда ішкі тексеріс жүргізіліп жатқанын айтты. Комиссия құрамына сырттан емес, өз мамандары кіріпті. Дегенмен, тексеру әділ болады дегенге сенімсіздік танытқан жағдайда құзырлы органдарға арыз жазсын дейді бас дәрігер.
ОРВИ ауыр дәрежесі, вирусты мининго энцефолит, инфъекциялық токсиктік шок, кома 3 дәрежеде. Сол күні жатқызған соң жағдай нашарлаған. Преднизолон, аллергосепт деген дәрі ол анафилактикалық шок кезінде қолданылатын дәрі. Ол мынадай жай бөлімшеде болмайды. Жұмыс жүріп жатқаннан кейін барлығы 100 пайыз зор болады деп айта алмаймын. Кемшіліктер бар, – дейді Жетісай аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Жолдасбеков.
Ата-ана кішкентай қызының өліміне кінәлі дәрігер жазаланса екен дейді.