Жамбыл облысы, Меркі аудандық соты 14 миллион теңгеден аса қарызы бар мұғалімнің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы өтінішін мақұлдады, деп хабарлайды qandastar.kz
Физика пәнінің мұғалімі бес банкке тұтынушылық несие үшін берешек болған. Ол жалдамалы пәтерде тұрып, кәмелетке толмаған қызын өзі тәрбиелеп келеді. Ай сайынғы несие төлемі 500 мың теңгеден асқан, ал орташа айлық шығыны 170 мың теңге шамасында болған.
Қиын жағдайға тап болған мұғалім соттан төлемдерді азайтып, берешекті өтеу жоспарын жасауға рұқсат сұраған. Бес банктің төртеуі қарсы болса да, сот мұғалімнің талаптарын орынды деп танып, оның әрекетінде жосықсыздық жоқ екенін атап өтті.
Нәтижесінде сот мұғалімге төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдануға мүмкіндік беріп, қарызды өтеу жоспарын жасау үшін уақыт берді. Шешім заңды күшіне енді.



