
ҚР қаржы вице-министрі Ержан Біржанов елімізде жалпы сомасы 188 млрд қарызы бар 50 мыңнан астам азамат банкрот деп танылғанын айтты, деп хабарлайды qandastar.kz сайты Орталық коммуникациялар қызметінің Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңнаманы жетілдіру жалғасады.
«2025 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған қарыз шарттарына борышты реттеуді жүргізу туралы талапты алып тастау; борышкердің себептерін көрсетпей соттан тыс банкроттық рәсімін тоқтату құқығы; банкроттың қаржы ұйымдары алдындағы, оның ішінде кредиттік бюролар базасында көрсетілмеген барлық міндеттемесін тоқтату қарастырылған бірқатар түзетулер қабылданды», — деді спикер.
Сонымен қатар, парламентте ломбардтарды соттан тыс банкроттық рәсіміндегі кредиторлардан шығару, сондай-ақ борыштары 1600 АЕК-ке дейінгі борышкер азаматтар үшін банкроттық рәсімін өткізу мерзімдерін қысқарту бойынша түзетулер қаралып жатыр.
Еске салсаққ, 2023 жылдың 3 наурызында Қазақстанда қарызы бар азаматтарға өзін банкрот деп жариялауға мүмкіндік беретін заң күшіне енді. 2024 жылы банкроттық рәсімі бойынша бірқатар талаптарды алып тастау арқылы айтарлықтай жеңілдетілді.



