Жаңалықтар
Кәсіпкерлер арзан несиелер үшін базалық мөлшерлемені төмендетуді ұсынды

Фото: istockphoto.com
Кәсіпкерлер арзан несиелер үшін базалық мөлшерлемені төмендетуді ұсынды, – деп хабарлайды qandastar.kz сайты inbusiness.kz-ке сілтеме жасап
Алматы облысында салық заңнамасына енгізілген өзгерістерді түсіндіру бойынша кеңеске Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов пен Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Салық және кеден саясаты департаменті директорының орынбасары Нұрлыбек Шаймаханов қатысты.
Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Сауда және қызмет көрсетудің салалық кеңесі төрағасы Әсет Талғатбек арзан несиелер үшін базалық мөлшерлемені төмендетуді және салық төлеу жүйесін жеңілдетуді ұсынды
Bilim Invest ұлттық білім беру инвесторлары қауымдастығының вице-президенті Күләнда Батырбекова реформаларды жүргізу кезінде білім саласына қолдау көрсету қажеттігіне тоқталды. Атап айтқанда, өңірлердің білім беру саласын дамыту картасын әзірлеуді ұсынды.
«Ауылдардағы білім беру ұйымдарының дамуын бақылау қажет. Ол үшін жекеменшік білім беру мекемелерін саралау керек. Жеке ғимараты бар мектептер мен балабақшалар бар, үй-жайды жалға алатындар бар. 50-75 балаға арналған, 100-200 балаға есептелген тәрбие және білім беру мекемелері бар», – деп түсіндірді Күләнда Батырбекова.
Сондай-ақ спикер салықты көтерумен қатар, бюджет шығыстарының құрылымына сын көзбен қараудың маңызды екеніне тоқталды. Қатаң бюджеттік ережелердің сақталуын бақылауды күшейту қажет.
Қорытындылай келе, кеңеске қатысушылар салық саясатындағы оңтайлы шешімдерді іздеу үшін мемлекет пен бизнес арасындағы сындарлы диалогтің маңыздылығын атап өтті.