Қазақстанда қолға алынған салық реформасы шағын және орта бизнес өкілдерінің наразылығын туғызды. Кәсіпкерлердің айтуынша, жаңа талаптар олардың жұмысын ауырлатып, көпшілігі кәсібін жабуға мәжбүр болуда, деп хабарлады qandastar.kz.
Соңғы айларда тауар жеткізушілер бағасын шамамен 30 пайызға өсірген, ал жалдау ақысы екі есеге қымбаттаған. Бұл шағын дүкендер мен қызмет көрсету орындары үшін үлкен соққы болған.
Ресми органдар реформаны «бизнесті көлеңкеден шығару және салық жүйесін оңтайландыру» деп түсіндірсе де, өздері де 300 мыңға жуық компанияның нарықтан кетуі мүмкін екенін мойындап отыр.
Бір кәсіпкер (аты-жөнін атауды қаламады) өз дүкенін жабуға мәжбүр болғанын айтады:
«Біз адал еңбектеніп, салық төлеп келдік. Бірақ жаңа жүйемен жұмыс істеу мүмкін болмай қалды. Үлкен топтар мен монополиялардың мүддесі қорғалып отыр, ал шағын бизнес – құрбандыққа шалынды», – дейді ол.
Сарапшылардың пікірінше, салық реформасының бұл бағыты жұмыс орындарының қысқаруына және ішкі нарықтағы бағаның өсуіне әкелуі мүмкін.