Жаңалықтар
Кәсіпкерлік нысандарын күшпен басып алған: Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топ құрамындағы 20 адам құрықталды

Алматы қаласында қылмыстық топқа қатысы бар жеке күзет мекемесінің заңсыз әрекеті әшкереленді. Топтың жетекшісі мен қатысушыларына қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және қатысу деректері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомствоның ақпараттық медиа-порталында жарияланған дерекке сүйенсек, тергеу барысында қылмыстық элементтер шағын және орта бизнес нысандарын толық бақылауға алу мақсатында ойын-сауық орындарының басшылары мен қызметкерлеріне физикалық және моральдық қысым көрсетіп, заңсыз әрекеттер жасағаны анықталған.
Кейіннен олар кәсіпкерлік нысандарын күшпен басып алып, сол жерлерде «қауіпсіздік» қызметін іске асырған.
Полиция таратқан мәліметке қарағанда, қылмыстық топ мүшелері Алматы қаласында, Жетісу, Түркістан, Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстарында ұсталған, олардан қару-жарақ пен оқ-дәрілер тәркіленген.
«Қылмыстық топтың 20 мүшесі құрықталды. Қырықтан астам тінту жүргізіліп, 7 атыс қаруы тәркіленді, оның ішінде 3 кесілген мылтық, Макаров тапаншасы, Калашников автоматы және 100-ден астам оқ-дәрі алынды», – деп мәлімдеді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Ведомство мәліметінше, қазір бұзақылық, бопсалау, адам ұрлау, өз бетінше билік жүргізу және денсаулыққа зиян келтіру фактілері бойынша қылмыстық істер тергеліп жатыр.
«Топтың жетекшісі мен қатысушыларына қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және қатысу деректері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілердің басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», – делінген хабарламада.
Ішкі істер министрлігі өкілдері бизнеске қысым көрсету және оған қылмыстық араласу әрекеттері фактілері мемлекет бақылауында екенін, кез келген заңсыз әрекет заң шеңберінде қатаң түрде тоқтатылатынын атап өтті.