Әлем жаңалықтарыЖаңалықтарСараптама

Каспий консорциумына  жасалған соққылардың зардабы ауыр – сарапшы 

Каспий құбыр консорциумына (КҚК) бағытталған шабуылдар жалғасып, Қазақстанның негізгі мұнай экспортына қауіп төнді. Сарапшы Олжас Байділдиновтің айтуынша, Украина жасаған соққы салдарынан ВПУ-2 айлақ қондырғысы істен шыққан. Бұл —  мұнай тиеуді қамтамасыз ететін маңызды нысан, деп жазады Qandastar.kz ақпарат агенттігі shapalaq_kaz Instagram парақшасына сілтеме жасап.

Қуат төмендейді, жөндеу кемінде 2–3 айға созылады

Байділдинов ВПУ-2 қондырғысын қайта қалпына келтіру оңай емес екенін айтады.
Оның айтуынша, жабдықты дайындау, жеткізу, монтаждау және қайта іске қосу кемінде 2–3 айға созылады. Осы уақыт аралығында КҚК арқылы экспорт көлемі шамамен 20%-ға төмендейді. Жағдай бірінші жартыжылдық соңына дейін сақталуы мүмкін.

Қазіргі уақытта КҚК-ның жылдық өткізу қабілеті – 67 млн тонна.

Ай сайын 500 млн доллар жоғалтуы мүмкін

Сарапшының есептеуінше, Қазақстан бұл жағдайдан ай сайын кемінде 500 млн доллар кірістен қағылады. Оның шамамен 150 млн доллары – мемлекеттік бюджет пен Ұлттық қорға тиесілі түсімдер.

Егер қиындықтар желтоқсаннан бастап алты айға дейін жалғасса, Қазақстанның жалпы шығыны 3,5 млрд долларға, ал бюджет қағылатын сома 1-1,5 млрд долларға жетуі мүмкін.

Балама бағыттар тиімсіз

Байділдиновтің айтуынша, мұнайды Баку–Тбилиси–Джейхан (БТД) бағытымен жөнелту логистика тұрғысынан үш есе қымбат. КҚК арқылы тасымалдау құны барреліне 5 доллар болса, Баку бағытымен 15 доллар. Осы себепті ВПУ-2 істен шыққан жағдайда өндірісті мәжбүрлі түрде қысқарту қажет.

Бұрынғы деңгейге қайта оралу үшін қосымша уақыт пен қаржы жұмсалады.

КҚК толық тоқтауы мүмкін

Сарапшы алдағы уақытта КҚК нысандарына жаңа соққылар жасалуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

«Мұнайды КҚК арқылы тасымалдау белгілі бір уақыттан кейін толық тоқтауы ықтимал», – деп түйіндеді Байділдинов.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button