Әлеумет және қоғам
Каспий теңізі 2 метрге тартылған
Фото: ашық дереккөз
Каспий теңізінің тоқтаусыз тартылуы – қауіпті. Салдарынан судың тұздылығы артады. Теңіз түбінде қысым азайып, улы газдар шығуы мүмкін. Ал бұл Каспийдің өсімдігі мен жануарларына зиян, деп хабарлайды qandastar.kz
Тәуелсіз экологтар теңіз суының нақты тартылу себебін анықтап, оның әсері қандай болатынын шұғыл түрде зерттеу қажет деп дабыл қағуда, деп жазады qazaqstan.tv.
Ақтау қаласының тұрғыны, құстанушы Қанатбек Кенжеғұлов осыдан 3 жыл бұрын теңізде тастың үстінде отырған шағалаларды фотоға түсірген. Ал қазір ол тас жағадан алыстап қалған. Каспийдің арқасында Ақтаудың қысы жылы, жазы қоңыр салқын. Теңіздің тартылуы ауа райына да кері әсер етеді, дейді ол.
«Біз теңіздің қасында тұратын болғасын көріп тұрмыз, бірақ теңіз тез тартылып бара жатыр соңғы 3-4 жылда. Себебі, мына жердің бәрі су болған. 2021 жылы түсірген фотом бар тастың үстінде тұрған. Сол қазір қарап отырсаң суы 1 метрге төмендеді. Су тез тез тартылып бара жатыр. Соған алаңдап отырмыз.»
Теңіз тоқтамай тартыла берсе, тұз концентрациясы көбейеді. Бұл оның флорасы мен фаунасына зиян. Содан соң, теңіздің түбіндегі судың қысымы азайып, улы газдар шығады. Оның салдарынан су жануарлары қырылып қалуы мүмкін. Сондықтан толыққанды ғылыми зерттеу жүргізіп, Каспийдің маңайындағы елдермен келісе отырып, теңізді сақтап қалу қажет, дейді тәуелсіз эколог.
«Каспий теңізге құйылып жатқан судың 80 пайызы ол Еділден келіп жатыр. Еділден құйылатын су азайғаны анық. Себебі Ресей тарапынан көп мөлшерде су пайдаланатын қондырғылар құрылып, жұмыс жасап жатыр екен. Сондықтан ол жерде Ресей мен Қазақстан жалпы 5 мемлекет арасында келісімшарттар жасалып, осындай кедергілерді болдырмау керек деп ойлаймын.» Әділбек Қозыбақов, тәуелсіз эколог