Жаңалықтар

Каспий теңізінің тартылуы экологиялық және экономикалық тұрғыдан алаңдатарлық деңгейде – Мемлекет басшысы

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су ресурстарының азаюы Орта Азия аймағы үшін жақын жылдары ең өзекті мәселе болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол халықаралық жиында айтты, деп хабарлады qandastar.kz.

Президенттің сөзінше, су — барша халыққа ортақ игілік, сондықтан оны ұтымды әрі әділ пайдалану өңір елдері үшін стратегиялық маңызға ие.

«Суару жүйелеріне цифрлық бақылау орнатып, тамшылатып суару әдісін кеңінен қолдану және су қоймаларының тиімділігін арттыру жөнінде бірлескен бағдарлама қабылдауға болады», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы Каспий теңізінің тартылуы экологиялық және экономикалық тұрғыдан алаңдатарлық деңгейге жеткенін атап өтті.

«Қарт Каспий — түркі халықтарын байланыстыратын дәнекер. Алайда теңіз деңгейінің төмендеуі өңір экологиясына да, экономикасына да кері әсер етуде. Бұл — жаһандық деңгейдегі ортақ мәселе», – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл проблеманы бұған дейін ШЫҰ саммиті мен БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясында да көтергенін еске салды. Ол түркі елдерін Каспийдің экожүйесін сақтау және өңірлік экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде күш біріктіруге шақырды.

«Біз тамырлас әрі шекаралас мемлекеттер ретінде Каспийдің ахуалын жақсартуға ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Бірлескен жобалар әзірлеп, халықаралық бастамаларды қолдау маңызды», – деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы келесі жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен «Тұрақты болашақ жолындағы ортақ көзқарас» атты өңірлік саммит өтетінін хабарлады. Қазақстан бұл шараға түркі елдерінің белсенді қатысатынына үміт артып отыр.

Back to top button