Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Каспийде өсірілген алғашқы албырт: Қазақстанда теңіз балық шаруашылығы дамып келеді

Маңғыстау облысында Каспий теңізінде албырт (лосось) өсіру жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Арнайы теңіз торларына жіберілген шабақтар бір жылға жетпейтін уақытта 2,5 келіге дейін өсіп, алғашқы өнімді биыл қыркүйекте ішкі нарыққа шығару жоспарланған. Алдағы жылдары өндіріс көлемін бірнеше есе арттырып, Қазақстандағы теңіз балық шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру көзделіп отыр.

Каспий теңізінде алғаш рет албырт балығын (лосось) өсіру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Балықтарды өсіру үшін теңіздің терең бөлігіне арнайы торлар орнатылып, оларға ондаған мың шабақ жіберілген. Қазіргі таңда олардың бірқатарының салмағы 2,5 келіге дейін жеткен, дейді Qandastar.kz сайты.

Жоба Маңғыстау облысының Қарақия ауданындағы Құрық портынан шамамен 20 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұнда диаметрі 38 метр болатын үш теңіз торы жұмыс істеп тұр. Алғашқы торлар 2025 жылдың қыркүйек айында орнатылған.

Албырт өсіру жұмыстары өткен жылдың қараша-желтоқсан айларында басталды. Сол кезде торларға жалпы салмағы 20 тонна болатын 95 мың шабақ жіберілген еді. Әр шабақтың орташа салмағы 200 грамм болған. Бір жылға жетпейтін уақыт ішінде олардың салмағы бірнеше есе артып, бүгінде 1,8–2,5 келі аралығына жетті. Өнімді ішкі нарыққа биылғы қыркүйек айынан бастап шығару жоспарланып отыр.

Кәсіпорын өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында биыл тағы үш теңіз торын іске қосуды көздеп отыр. Қыркүйектің басына дейін жаңа торларға 470 мыңға жуық шабақ орналастырылады. Олардың әрқайсысының салмағы 200–300 грамм шамасында болады. Нәтижесінде жалпы биомасса көлемі 114 тоннаға жуықтайды.

Компанияның жоспарына сәйкес, 2026 жылдың соңына дейін 150 тонна тауарлық албырт өндіріледі. 2027 жылы өндіріс көлемі 1,3 мың тоннаға дейін ұлғайтылса, 2028 жылы жылына 5 мың тонна балық өндіру көзделген. Осы мақсатта теңіздегі торлардың санын кезең-кезеңімен көбейту жоспарланған.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button