
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы атанған Михаил Шайдоровты арнайы құттықтап, бұл жеңісті ел спорты үшін тарихи жетістік деп бағалады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Президент мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан тарихында тұңғыш рет алтын медаль жеңіп алу – тек спорттық табыс емес, ұлттық рухты көтеретін үлкен оқиға екенін атап өтті.
«Бұл жеңіс – табандылықтың, жоғары шеберліктің және ел намысын қорғаудағы ерік-жігердің айқын көрінісі. Сіз Қазақстан спортының тарихында өшпес із қалдырдыңыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтауында.
Мемлекет басшысы спортшының жетістігін барша халық мақтан тұтатынын жеткізіп, Михаил Шайдоровты II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар жаттықтырушылар құрамына, Конькимен мәнерлеп сырғанау федерациясына және салалық министрлікке атқарған еңбектері үшін алғыс білдірілді.
«Бұл – бір спортшының ғана емес, тұтас елдің жеңісі. Осындай табыстар Қазақстан жастарына үлкен үлгі», – делінген Президенттің құттықтау сөзінде.
Қасым-Жомарт Тоқаев Олимпиада чемпионына алдағы жарыстарда толайым табыс пен жаңа жеңістер тіледі.



