2026 жылғы 18 наурызда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль Президенті Ицхак Герцогпен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Ақорда порталына сілтеп мәлімдеді.
Әңгіме барысында Израиль басшысы Қазақстанда өткен жалпыұлттық референдумның сәтті өтуімен және жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады.
Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен оны одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Әсіресе сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайту мәселесіне ерекше назар аударылды.
Ицхак Герцог мемлекеттердің ұзақ мерзімді экономикалық дамуы үшін бейбітшіліктің маңызы зор екенін атап өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бағыттағы ұстанымын қолдайтынын жеткізді.
Өз кезегінде Қазақстан Президенті халықаралық қақтығыстарды тек саяси жолмен шешу қажет екенін айтты.
Сонымен қатар Израиль Президенті Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешімін жоғары бағалап, оны Таяу Шығыста бейбітшілік орнатуға бағытталған маңызды қадам ретінде атады.



