Әлем жаңалықтарыЖаңалықтар

«Қателесіппін»: Көкшетауға қоныс аударған америкалық блогер неге өкінгенін айтты

Travelling the World with Francois Marc YouTube-арнасының авторы, америкалық Франсуа Марк Оңтүстік Кореяда 15 жыл тұрғаннан кейін Қазақстанға қоныс аудару туралы шешім қабылдаған. Қазір Көкшетау қаласында тұрып жатыр. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Instagram желісіндегі Кokshetaulive парақшасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Франсуаның айтуынша, бұл шешім оған оңай соқпаған. Оңтүстік Кореяны ол технологиясы дамыған, жайлы әрі мүмкіндіктерге толы ел ретінде сипаттайды. Алайда Қазақстандағы өмір оның күткенінен де тиімді болып шыққан.

«Кореядан кетіп бара жатып, көп мүмкіндіктен айырылып жатқандай көрдім. Бірақ қателесіппін. Қазақстанда мүмкіндік көбірек. Бәсекелестік аз, ағылшын тілін білетіндер де сирек. Мұнда бір жылда қол жеткізетін нәтижеге Кореяда бірнеше жыл кетер еді», — дейді ол.

Оның айтуынша, қала интернеттегі стереотиптерді толықтай жоққа шығарған.

«Ақпараттарға сүйеніп, Көкшетауды шағын әрі қызықсыз қала деп ойлағанмын. Алайда  қала тіршілігі қызу, жеткілікті деңгейде үлкен және өте жайлы екен», — деп бөлісті Франсуа.

Сондай-ақ ол қала тұрғындарының қазақ және орыс тілдерін қатар қолданатынын, қалалық инфрақұрылымның ыңғайлылығын атап өтті.

Бұған қоса бірнеше күннің ішінде ауа райының +27 градустан нөлден төмен температураға күрт өзгеруі шетелдік үшін күтпеген жаңалық болғанын айтты.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button