Алматы облысында оңтүстіккореялық сериалдың түсірілімі кезінде 52 қазақстандық зардап шеккен. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Facebook желісінің қолданушысы Ерлан Қуаныштың жазбасына сілтеме жасап хабарлайды.
Оның айтуынша, түсірілім тобы массовканы қала сыртындағы далаға апарып, адамдарды суық вагондарға отырғызған. Ауа райы салқын болғандықтан, қатысушылар тоңып, жағдайлары нашарлай бастаған.
– Адамдар жан қинаған суыққа шыдамай жатқанда ғана түсірілім тобы газ қосқан. Алдымен балалар, кейін ересектер есінен танып құлай бастаған. Сонда ғана қазақстандықтарды жылы вагонға кіргізген, – дейді Ерлан Қуаныш.
Оның сөзінше, оқиға орнында дәрігер болмаған. Ал жедел-жәрдем мен полиция Алматыдағы вокзалда күтіп тұрған. Зардап шеккендердің ішінде ауыр халдегі адамдар да бар, олар медициналық мекемелерге жеткізілген..
Оқиғаға қатысты ресми органдар нақты ақпарат жариялаған жоқ.



