
Фото:Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев
30 қыркүйекте Алматының Орталық стадионында өтетін «Қайрат» пен әйгілі «Реал Мадрид» арасындағы тарихи матчқа билеттер небәрі төрт сағат ішінде сатылып кетті. Дегенмен, жанкүйерлердің біраз бөлігі билет сатып алу кезінде күтпеген кедергіге тап болды, деп хабарлайды qandastar.kz
Билет сату науқаны
Билеттер 23 қыркүйек күні сағат 17:00-де сатылымға шығып, сол күні кешкі 21:00 шамасында 23 800 билет түгел сатылып кетті. Билеттер Qairat SuperApp, «Қайраттың» ресми сайты, Ticketon және Freedom платформалары арқылы ұсынылды.
Наразылыққа не себеп болды?
Әлеуметтік желілерде көпшілік тарапынан наразылықтар туындады. Оған себеп – кей жанкүйерлердің билет сатып ала алмауы. Әсіресе, аты-жөнінде қазақ әліпбиінің әріптері бар адамдар Ticketon сайтынан билет ала алмай қалған. Жүйе қазақша әріптерді қабылдамай, «Аты-жөніңізді толтырыңыз» деген қате хабарламаны қайта-қайта шығарып отырған. Ал орыс әріптерімен енгізген кезде бұл кедергі жойылған.
Бұл жағдай қазақ тілін қолданушылардың құқығы шектелді деген сынға ұшырады. Әзірге билеттер сатылған платформалар тарапынан ресми түсініктеме берілген жоқ.