Әлеуметтік желіде қазақтың салт-дәстүрі мен тарихына қатысты тың деректерді жиі жариялайтын ЕсАға есімді азамат тағы бір оқиғаны баяндап, жұрттың назарын аударды, деп жазады qandastar.kz
Оның айтуынша, «Ақ жалау бардамалым бар деме, ғазірейіл барда жаным бар деме» деген сөздің төркіні Бұхара мен Қоқан хандарының тұсындағы ауыр кезеңмен байланысты. Сол уақытта сарттар қазақ халқынан тек малға емес, әрбір қыз-келіншек үшін де зекет жинаған. Әр қызға қырық жеті мал есептеп алып отырған көрінеді. Тіпті, олар қыз бен келіншектің төсін ұстап, «қыз ба, әйел ме» деп қорлай тексеретін болған.
Осындай әділетсіздікке күйінген ел ішінде Қоңырат тайпасынан шыққан Көктің Сапа деген беделді адамның інісі, би Мұсабек те бар еді. Бір күні түйе жетектеген бәйбіше келіп, Мұсабекке намысты сөз айтыпты.
«Сенің ағаң сөзін өткізіп, елдің намысын қорғаған адам еді. Ал сен сарттардың қорлығына көніп отырсың. Шешең ұл туды деп қуанған шығар, бірақ ондай ұлдың несі ар?» — деп ауыр уәж айтады.
Бұл сөз жігіттің намысын қоздырып, Мұсабек батыр елден ерлерді жиып, «бір күн туарбыз, бір күн өлерміз» деп сарттарға қарсы аттанады. Соңында олар зекет жинап жүргендердің бәрін жойып, елдің қорлығын қайтарған.
Айтулы оқиға ел арасында «сарттарға “бидай дегізу”» деген атпен қалған. Себебі, сарттар бидайды «буғдай» деп айтатын болған екен.



