Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартқан мейрамхана әкімшісі жауапқа тартылды

Алматы қаласының полициясы Шымбұлақта орналасқан мейрамханалардың бірінде болған оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Полиция мәліметінше, Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері аталған оқиға бойынша тексеру жүргізілді, қатысушылар анықталып, жауаптар алынды, жағдай толық зерттелді.

«Тексеру барысында тараптар оқиғаның эмоционалды жағдайдан туындағанын атап өтті. Олардың айтуынша, кейбір сөздер мен әрекеттер эмоция әсерінен жасалған және олардың шынайы көзқарасын білдірмейді. Оқиға барысында тараптардың бір-біріне жеңіл физикалық әрекет қолданғаны анықталды», — делінген мәлімдемеде.

Қос тарап та өзара кешірім сұрап, татуласты және болған жағдайға өкінетіндіктерін білдірді.

Сондай-ақ олар азаматтарды бір-біріне құрметпен қарауға, кез келген келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешуге шақырды.

«Тексеру нәтижесі бойынша олардың әрекеттеріне құқықтық баға берілді. Екі қатысушыға да ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сот шешімімен олар 20 АЕК көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — дейді департаменттегілер.

Полиция тұрмыстық келіспеушіліктер, қарым-қатынас мәселелері немесе тілдік ерекшеліктер еш жағдайда да қақтығыс, провокация және қоғамдық тәртіпті бұзу үшін себеп болмауы тиістігін ескертеді.

Еске салсақ, Threads желісінің Бақытжанов есімді қолданушысы Gusto мейрамханасының әкімшілігімен қазақ тіліне қатысты туындаған дау жөнінде видео жариялаған.

Бұл оқиға желіде қызу талқыланып, халықтың ашуын тудырған болатын.

Кейіннен Gusto мейрамханасының әкімшісі қызметінен босатылғаны хабарланған.

Ал күні кеше жанжал тудырған мейрамхана әкімшісі кешірім сұрады.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button