Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса түрмедегі Мирболат Мырзатайұлын босатуды сұрап, бас прокурор Берік Асыловқа хат жолдады, деп жазды qandastar.kz aramedia.kz-ке сілтеме жасап.
Мирболат Мырзатайұлының жақындары мен жақтастары парламент мәжілісі мен депутат Қазыбек Исаға 261 азаматтың қолы қойылған ұжымдық өтініш хатты тапсырған.
Қазыбек Иса хатты осы өтініш негізінде жазып отырғанын айтқан. Депутат Мирболат Мырзатайұлының кәмелет жасқа толмаған балалары бар екенін және денсаулығы нашар екенін жазған.
«Семей ядролық сынағынан зардап шегіп, басында киста барын және сол жақ мойын тамыры (артерия) 50 %-ға бітеліп, инсульт алу қаупі барын қосымша жеткізіп отыр», — деп жазған Қазыбек Иса.
Депутат «Мирболат Мырзатайұлының әрекетінде ешқандай қылмыстық әрекет жоқ деп санайтынын» жазып, «қазақ тілін талап ету қылмыс емес екенін» жеткізген.
«Ешбір тілге, ұлтқа тіл тигізбей, тіл туралы заңды талап етіп отыр. Мемлекеттік тілді заңды талап ету ешқандай қылмысқа жатпайды! Мемлекеттік тілді заңды талап еткені үшін соттау Қазақстан Республикасының ешқандай заңнамасында жоқ!», — деген депутат.
Қазыбек Иса бас прокурор Берік Асыловтан «Мирболат Мырзатайұлына қатысты қылмыстық істі мұқият тексеруді» сұраған.
Естеріңізге сала кетейік, блогер әрі белсенді Мирболат Мырзатайұлы «Көк-Төбе» тұрғын үй кешені кооперативінің басшысымен сөзге келіп, «Мемлекеттік тілде сөйлеуге міндеттісіз» дегені үшін істі болған.
Сот Мирболат Мырзатайұлын 174-баптың 1-бөлігі (әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) бойынша кінәлі деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айырған. Ол сотта өзіне тағылған айыпқа келіспеген.



