ЖаңалықтарМәдениет

Қазақ журналистикасы ауыр қазаға ұшырады: Тілеуқабыл Мыңжасар өмірден өтті

Қазақ телевизиясының дамуына елеулі үлес қосқан белгілі тележурналист Тілеуқабыл Мыңжасар дүниеден өтті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Марқұмның қазасына байланысты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.

Тілеуқабыл Мыңжасар ғұмырын журналистикаға арнап, отандық телевизия саласында ұзақ жыл еңбек етті. Ол «Хабар» агенттігінің Алматы облысындағы тілшісі ретінде өңірдегі маңызды оқиғаларды, әлеуметтік мәселелер мен елді толғандырған тақырыптарды көрерменге жедел әрі кәсіби түрде жеткізді.

Әріптестері оның журналистік шеберлігімен қатар, азаматтық ұстанымы мен жауапкершілігін жоғары бағалайды. Кәсіби жолында кейінгі буынға бағыт-бағдар беріп, өзінен кейін көптеген шәкірт қалдырды.

Министрлік таратқан көңіл айтуда Тілеуқабыл Мыңжасардың қазақ телевизиясына сіңірген еңбегі мен журналистикадағы қолтаңбасы ел жадында сақталатыны атап өтілді.

Back to top button