Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Kazakhmys Barlau қормен қамтамасыз ету мерзімін 11 жылға дейін ұлғайтпақ

Kazakhmys Barlau қормен қамтамасыз ету мерзімін 11 жылға дейін ұлғайтуды көздейді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

«Kazakhmys Barlau» ЖШС заманауи технологиялар мен ғылыми тәсілдерді қолдана отырып, «Қазақмыс» корпорациясының минералдық-шикізаттық базасын жүйелі түрде нығайтып келеді.

Компания алдағы жылдары ресурстық әлеуетті арттыру есебінен қормен қамтамасыз ету мерзімін 11 жылға дейін ұзартуды жоспарлап отыр.

«Минералдық-шикізаттық базаны толықтыру – компанияның ұзақ мерзімді тұрақтылығының негізгі кепілі. Біз барлау жұмыстарының тиімділігін арттыру арқылы өндірістің болашағын қамтамасыз етеміз», – деді компания өкілі.

2018 жылы құрылған кәсіпорын осы уақыт аралығында мемлекеттік балансқа 7 кен орны бойынша 488,9 мың тоннадан астам мыс, 108,9 мың тонна күміс және 7,9 мың тонна алтын қорын енгізген. Жақын перспективада жаңа ресурстар мен қорларды есептеу жоспарланып, бұл 2026–2028 жылдары тұрақты өндірістік базаны қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

«Халықаралық әріптестік пен заманауи технологияларды енгізу – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Бұл бізге геологиялық барлаудың жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті компания басшылығы.

Компанияда бүгінде 500-ден астам қызметкер еңбек етеді. Олардың басым бөлігі – геологтар мен өндірістік мамандар. Қазіргі таңда 14 бұрғылау қондырғысы үздіксіз жұмыс істеп, геологиялық барлау тәулік бойы жүргізілуде.

Kazakhmys Barlau халықаралық деңгейде де әріптестікті дамытып келеді. Компания Colorado School of Mines, Rio Tinto, Ivanhoe Mines және Pallas Resources сияқты ұйымдармен ынтымақтастық орнатқан.

Сонымен қатар білім беру мекемелерімен байланыс күшейтіліп, студенттерді тәжірибеден өткізу және кейін жұмысқа орналастыру жүйесі қалыптасқан.

Жезқазған қаласында іске қосылған геологиялық кластер компанияның стратегиялық жобаларының біріне айналды. Кластер аясында 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып, заманауи керн сақтау қоймасы мен оқу орталығы пайдалануға берілген.

«Жезқазғандағы геологиялық кластер – тек өндірістік емес, сонымен қатар кадр даярлау мен ғылыми әлеуетті дамытуға бағытталған маңызды жоба», – делінген хабарламада.

Бұл кешенде DMT Ancorelog технологиясы енгізіліп, 200 мың қума метр керн сақтауға мүмкіндік бар.

Компания цифрландыру бағытында да ілгерілеуде. Соның ішінде Starlink спутниктік технологиясын енгізу арқылы шалғай өңірлерде нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізіп, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігі кеңейтілген.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button