
«Қазақмыс» корпорациясы қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік бағдарламасын кезең-кезеңімен іске асыруды жалғастырып келеді.
Соңғы кезең аясында компания қызметтік тұрғын үйлерді жұмыскерлердің жеке меншігіне беру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Атап айтқанда, 13 пәтердің меншік құқығы ресімделді.
Оның ішінде сегіз пәтер Балқаш қаласында, бес пәтер Жезқазған өңірі аумағында орналасқан. Бағдарлама ең алдымен қызметтік баспанада тұратын және әлеуметтік тұрғыдан осал санатқа жататын қызметкерлерді қамтиды.
Компания тарапынан салықтар мен міндетті төлемдер толық көлемде өтеліп, жұмыскерлерге баспананы қосымша қаржылық жүктемесіз иеленуге мүмкіндік жасалды.
Жалпы, соңғы бірнеше жыл ішінде аталған бағдарлама аясында 90-нан астам пәтердің кілті табысталған. Сонымен қатар, биылғы жылдың екінші тоқсанында тағы 23 пәтерді жеңілдетілген шарттармен сату және Балқаш қаласындағы қызметтік тұрғын үйлерді қызметкерлерге беру жоспарланып отыр.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету – компанияның кадрлық әлеуетті қолдауға, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ұзақмерзімді саясатының маңызды бағыты болып табылады.



