Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

«Қазақмыс» 2,5 мыңнан астам оқушыға мектепке қажетті құралдар табыстады

«Қазақмыс» республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында төрт өңірдегі 2 500-ден астам оқушыға қолдау көрсетті. Компания жаңа оқу жылына арналған қайырымдылық көмекке 66,5 млн теңге бөлген.

«Қазақмыс Корпорациясы» дәстүрлі республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында 2026–2027 жаңа оқу жылына 2 500-ден астам оқушыны мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Биыл бұл мақсатқа компания 66,5 миллион теңге бөлді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Қайырымдылық көмек аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға көрсетілді.

Акция «Қазақмыс» өндірістік қызметін жүргізетін төрт өңірде өтті. Қарағанды облысында 1 051 оқушыға, Ұлытау облысында 912 оқушыға, Жамбыл облысында 513 оқушыға және Абай облысында 42 оқушыға мектепке қажетті құралдар табысталды.

Әрбір балаға жаңа оқу жылына арналған мектеп сөмкесі мен негізгі оқу-жазу құралдары қамтылған арнайы жиынтық берілді.

«Қазақмыс» «Мектепке жол» акциясына жыл сайын қатысып келеді. Компания бұл бастама арқылы өз өңірлеріндегі балалар мен отбасыларға қолдау көрсетіп, әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау және әлеуметтік осал санаттағы отбасыларды қолдау – компанияның корпоративтік әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button