«Қазақмыс» компаниялар тобында қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын қорғауға, сондай-ақ өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған 2026–2028 жылдарға арналған өнеркәсіптік қауіпсіздікті трансформациялау стратегиясы бекітілді, деп хабарлайды qandastar.kz.
Стратегиялық сессия «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Руслан Өскенәлінің төрағалығымен өтті. Жиынға басқарма мүшелері, өндірістік филиал басшылары, техникалық сарапшылар және халықаралық JMJ Associates компаниясының кеңесшілері қатысты. Кездесу барысында компания басшысы қызметкерлердің өміріне қауіп төнген жағдайда жұмысты жалғастыруға жол берілмейтінін айтты.
«Өнеркәсіптік қауіпсіздік – негізгі басымдықтардың бірі. Өлімге әкелуі мүмкін жазатайым оқиғалардың алдын алу – басты міндет. Қауіпсіздік талаптары толық орындалғанда ғана өндірістік жоспар жүзеге асырылады», – деді Руслан Өскенәлі.
Оның айтуынша, қауіпсіздік талаптарын сақтау жауапкершілігі барлық басқару деңгейінде бекітіліп, қауіпсіздік техникасы жөніндегі орталық комитет құрылады.
Жаңа стратегияны еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директор Жанбек Есмахановтың жетекшілігімен құрылған жұмыс тобы әзірледі. Бұл бағытта ішкі аудит жүргізіліп, халықаралық сарапшылардың қатысуымен тәуелсіз зерттеу өткізіліп, трансформацияның негізгі басымдықтары анықталды.
Соның нәтижесінде нөлдік жарақаттану қағидатына негізделген стратегия қабылданып, тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіру және қауіпсіздік саласындағы көшбасшылықты дамыту көзделді.
Осыған байланысты 2026 жыл компанияда қауіпсіздік жылы болып жарияланды. Стратегияны іске асыру мақсатында тоқсан сайын жиналатын өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі орталық комитет құрылады. Сонымен қатар өндірістік активтер деңгейінде ай сайын өтетін комитет отырыстары енгізілмек.
Құжатты жүзеге асыру барысында аса қауіпті тәуекелдерді бақылаудың бірыңғай стандарты енгізіліп, қауіпсіздік талаптары барлық бизнес үдерістерге, соның ішінде мердігер ұйымдармен жұмысқа да енгізіледі.
Сондай-ақ тәуекелдерді төмендету үшін жабдықтарды жаңарту және өндірістік активтердің сенімділігін арттыруға бағытталған инвестицияларға басымдық беріледі. Аса қауіпті тәуекелдерді бақылау шараларын толық орындау басшылардың негізгі тиімділік көрсеткіштерінің біріне айналады.
Бұл тәсіл ұзақ мерзімді перспективада жарақаттану деңгейін біртіндеп азайтып, өліммен аяқталатын оқиғаларды толық жоюға бағытталған.



