
27 ақпанда Қарағанды қаласында Қазақмыс корпорациясы мен өңір басшылығы арасында жалпы құны 6 млрд теңгеден асатын жобаларды іске асыруды көздейтін ынтымақтастық туралы меморандум бекітілді, деп хабарлайды порталы.
Нақты жоспарларға сәйкес, Балқаш қаласында жаңа балабақша бой көтереді, сондай-ақ аумағы көркейтілген су спортына арналған арнайы база ашу көзделіп отыр.
2026 жылы Шешенқара, Баймырза ауылдары мен Ақтау кентінде бірқатар маңызды әлеуметтік нысандар салу жоспарланған.
Атап айтқанда, бұл елді мекендерде дәрігерлік амбулатория, спорт кешені және өрт сөндіру депосы бой көтермек. Жобалар медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып, тұрғындардың спортпен шұғылдануына жағдай жасап, қауіпсіздік деңгейін күшейтуге бағытталған.
Екі жылға есептелген құжат өңір мен ірі бизнес арасындағы серіктестікті жаңа сапалы деңгейге көтеруді мақсат етеді.
Мұнда өндірістік даму ғана емес, әлеуметтік жауапкершілік те негізгі басымдық ретінде қарастырылған.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев меморандумның маңызына тоқталып, оның тек экономикалық емес, әлеуметтік мәні зор екенін атап өтті.
Оның айтуынша, құжатта кәсіпорындар орналасқан аумақтардың тұрғындарын қолдау, әлеуметтік нысандар салу және жүйелі әріптестік орнату мәселелері нақты қамтылған.
Сонымен қатар облыстың Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен «Сарыарқа» ӘКК» АҚ-мен өнеркәсіптік ынтымақтастық туралы қосымша меморандумға қол қойылды.
Бұл келісім жергілікті өндірісті дамытуға, шағын және орта бизнесті қолдауға, жаңа өндіріс орындарын орналастыруға жер телімдерін бөлуге және отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарттар жасауға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде Руслан Өскенәлі Қарағанды облысының компания үшін стратегиялық маңызын атап өтті.
Оның айтуынша, өңірде Қазақмыстың негізгі өндірістік активтері шоғырланған, сондықтан компания бұл аймақта әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды тұрақты түрде қолдап келеді. Қол қойылған меморандумдар формалды құжат емес, өңірді дамытудың нақты тетігі ретінде қарастырылып отыр.
Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде Қарағанды облысының әлеуметтік инфрақұрылымы нығайып, жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті бизнестің дамуына серпін беріледі.
Бұл бастамалар өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді жүйелі саясаттың бір бөлігі ретінде бағалануда.



