
«Қазақмыс» Шатыркөл фабрикасын өз басқаруына алып, қызметкерлерді штатқа қабылдауға дайын, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
«Қазақмыс» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Жамбыл облысындағы Шатыркөл-Жайсаң кластеріне жұмыс сапарымен барып, өндірістік нысандардың қызметімен танысты.
Сапар барысында компания басшысы «Жайсаң» және «Шатыркөл» кеніштерін аралап, Шатыркөл байыту фабрикасының жұмысын тексерді. Сонымен қатар вахталық кенттегі жұмысшылардың тұрмыс жағдайы мен тамақтандыру жүйесі де назардан тыс қалған жоқ.
Қазіргі таңда Шатыркөл-Жайсаң кластерінің құрамына «Шатыркөл» кеніші мен Шатыркөл байыту фабрикасы кіреді. Бұл нысандар өңірдің өндірістік әлеуетіне елеулі үлес қосып отырған маңызды кәсіпорындар қатарында.
Сапар барысында Шатыркөл байыту фабрикасын одан әрі пайдалану мәселесі қаралды. Мердігер ұйыммен жасалған келісімшарттық міндеттемелердің аяқталуына байланысты фабриканы басқару тікелей «Қазақмыс корпорациясының» құзыретіне өтеді.
Компания өндірістік қызметке тартылған мамандарды жұмысқа қабылдауға дайын екенін мәлімдеді. Бұл ретте қызметкерлердің еңбек жағдайы бұрынғы деңгейде сақталады. Жалақы, өтемақы және ынталандыру төлемдері, вахталық жұмыс кестесі, тұрмыстық жағдай мен тамақтандыру, сондай-ақ еңбек заңнамасында қарастырылған барлық әлеуметтік кепілдіктер толық сақталады.
«Бүгінде Шатыркөл фабрикасында еңбек етіп жүрген кәсіби ұжымды сақтау біз үшін аса маңызды. Бұл мамандар кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуіне қажетті тәжірибе мен білімге ие. Біз жұмыскерлердің жалақы деңгейін, әлеуметтік кепілдіктерді, вахталық кенттегі тұрмыс жағдайын және жұмыс тәртібін сақтай отырып, штатқа қабылдауға дайынбыз. Біздің міндетіміз – өндірістің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, кадрлық әлеуетті сақтау және Шатыркөл-Жайсаң кластерінің тұрақты дамуын жалғастыру», – деді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі.
Қызметкерлерді жұмысқа қабылдау Қазақстанның еңбек заңнамасына сәйкес жеке тәртіппен жүргізіледі.
Компанияның мәліметінше, бұл шешім өндірістік үдерістің үздіксіздігін қамтамасыз етуге, кадрлық әлеуетті сақтауға және кәсіпорындағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар ол Шатыркөл-Жайсаң кластеріндегі өндірістік ықпалдастықты күшейтіп, өнеркәсіптік қауіпсіздік стандарттарын біріздендіруге және технологиялық басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.



