Жаңалықтар

«Қазақмыс» Шу ауданында көпірді қайта жаңғыртты

Жамбыл облысы Шу ауданында «Шатыркөл» апаттық су ағызу каналы үстінен өтетін көпір жаңартылып, пайдалануға берілді. Нысан Дінмұхамед Қонаев атындағы ауылдан Бірлік ауылына баратын бағыттағы теміржол өткелінің маңында орналасқан, деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық агенттігі.

Көпірдің техникалық жағдайы нашарлағандықтан, оны жаңғырту бастамасын «Қазақмыс» корпорациясы көтерді. Жобаның мақсаты – көлік және теміржол инфрақұрылымы орналасқан аумақта автокөліктердің қауіпсіз әрі тұрақты қозғалысын қамтамасыз ету. Қайта жаңарту жұмыстарына 360 млн теңге жұмсалды. Жоба жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүзеге асырылды.

«Біз мұндай нысандарды тек өндірістік қажеттілік тұрғысынан ғана қарастырмаймыз. Бұл көпір аудан тұрғындары жиі пайдаланатын жолда орналасқан. Сондықтан оның жағдайын бағалағанда ең алдымен адамдардың қауіпсіздігі мен инфрақұрылымдық тәуекелдерді азайту мәселесіне басымдық бердік», – деді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Тұрақты даму және коммуникациялар жөніндегі басқарушы директоры Сәкен Шаяхметов.

Алғашында көпір «Шатыркөл» кенішінің өндірістік логистикасы үшін қолданылып, Бірлік теміржол станциясына жүк жеткізуге қызмет етті.

Кейін өндірістік логистика жүйесі оңтайландырылды. «Шатыркөл» байыту фабрикасы іске қосылғаннан кейін шикізат кен орнында тікелей өңделетін болды. Қазір бұл көпір арқылы тек дайын концентрат тасымалданады, нәтижесінде жолдағы көлік қозғалысының қарқыны айтарлықтай төмендеді.

Өнеркәсіптік жүктеме азайғанымен, көпір өз маңызын жоғалтқан жоқ. Ол маңайдағы елді мекен тұрғындары мен транзиттік көліктер үшін қолданыста қалып отыр. Сонымен қатар теміржол өткелі жанындағы негізгі көлік тораптарының бірі болып саналады.

Қайта жаңғырту нәтижесінде көлік қозғалысының қауіпсіздігі арттырылып, көпірдің сенімділігі күшейтілді. Нысанды ұзақ әрі тұрақты пайдалану үшін барлық қажетті жағдай жасалды.

Бұл жоба «Қазақмыс» компаниясының өңірлік инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ өндірістік үдерістер мен тұрғындардың күнделікті қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ұстанымын айқын көрсетеді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button