Қазақстан көлемі $1 миллиард болатын ұлттық стратегиялық крипторезерв құру жұмысын бастады. Ұлттық банк бұл бастама инвестициялық активтерді әртараптандыру және кірістілікті арттыру мақсатында жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді. Qandastar.kz ақпарат агенттігі Reuters дерегіне сілтеме жасап хабарлады.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, крипторезерв құрудың негізгі мақсаты – жаңа инвестициялық бағыттарды дамыту және резервтердің тиімділігін арттыру. Алайда ол криптоактивтерге инвестиция салудың нақты мерзімдерін атаған жоқ.
Сонымен қатар Ұлттық банк Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық саясатын қайта қарастырып жатыр. Жоспар бойынша жоғары табысты құралдардың, соның ішінде акциялар мен балама активтердің үлесі ұлғайтылмақ.
Маусым айында Ұлттық банк балама инвестициялық құралдардан тұратын жаңа портфель қалыптастырып, осы бағытқа 500 миллион доллар көлемінде алғашқы қаржы бөлді.
2025 жылғы 1 маусымдағы мәлімет бойынша, Қазақстан Ұлттық банкінің алтын-валюта резервтері 66,537 миллиард долларды құраған. Ал Ұлттық қор активтерінің көлемі 66,373 миллиард доллар деңгейінде болған.
Осылайша Қазақстан резервтерді басқару стратегиясын кеңейтіп, криптоактивтер мен басқа да балама инвестициялық құралдарды пайдалану арқылы қаржылық тұрақтылық пен табыстылықты арттыруды көздеп отыр.



