Әлем жаңалықтарыЖаңалықтар

Қазақстан алманы Қытайдан, қарбызды Ираннан сатып алып отыр

Қазақстанда жеміс-жидек импортының көлемі артты. LS басылымының мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында елге 655,3 мың тонна жеміс пен жидек әкелінген. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,8%-ға көп. Импорттың жалпы құны $329,5 млн-ды құрады, деп жазады Qandastar.kz порталы. 

Импорт көлемі бойынша шетелдік алма мен алмұрт алдыңғы орында – 126,2 мың тонна. Алайда бұл өнімдерді сатып алу өткен жылмен салыстырғанда 28,7%-ға азайған. Алма мен алмұрт негізінен Польша, Қытай, Бельгия, Өзбекстан және Ираннан жеткізілген.

Сондай-ақ анар, киви, құрма және таңқурай импорты 26%-ға қысқарып, 42,5 мың тоннаны құрады. Бұл өнімдер Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Иран және Египеттен әкелінген.

Экзотикалық жемістердің (құрма, інжір, ананас, манго, авокадо) импорты айтарлықтай өзгермей, 37,5 мың тонна деңгейінде қалды (-0,1%). Олар Иран, Қытай, Израиль, Алжир және Сауд Арабиясынан жеткізілді.

Цитрусты жемістердің импорты да өткен жылмен шамалас – 115,8 мың тонна (+0,02%). Апельсин, лимон, мандарин және грейпфруттар Қытай, Пәкістан, Түркия, Ресей, Иран және Өзбекстаннан тасымалданған.

Ал басқа жемістер бойынша өсім байқалады. Мәселен, жүзім импорты 1,8 есеге артып, 102,2 мың тоннаға жетті. Жүзім негізінен Өзбекстан, Қытай, Тәжікстан, Иран, Ауғанстан және Чилиден әкелінген. Айта кетерлігі, Қазақстаннан жүзім экспорты да артқан.

Импортталған банандарға да сұраныс жоғары болды – 85,3 мың тонна, бұл 27,8%-ға көп. Банандардың басым бөлігі Эквадордан, аз көлемі Колумбия мен Қытайдан жеткізілген.

Сонымен қатар қарбыз бен қауын импорты 23%-ға өсіп, 65,2 мың тоннаны құрады. Бұл өнімдер Өзбекстан, Қытай және Ираннан тасымалданған.

Ал шабдалы, шие, қара өрік және өрік импорты 11,3%-ға артып, 80,4 мың тоннаға жетті. Негізгі жеткізушілер – Өзбекстан, Қытай, Қырғызстан және Тәжікстан.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button