2026 жылғы 28 ақпанда Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі отандық әуе компанияларға Таяу Шығыс елдеріне ұшуларды уақытша тоқтатуға қатысты шешім қабылдады. Бұл туралы Zakon.kz хабарлады. Аталған ақпаратты Qandastar.kz сайты сілтеме жасап жариялады.
Шешімге сәйкес, Таяу Шығыстағы алты елдің — Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливанның әуе кеңістігінде ұшулар арнайы өкім шыққанға дейін толық тоқтатылды. Құжатта азаматтық авиация қауіпсіздігіне төнген жоғары қауіп деңгейі негізге алынғаны айтылған.
Аталған талап қазақстандық әуе кемелерін пайдаланушылар орындайтын барлық тұрақты және тұрақсыз жолаушылар, жүк және техникалық рейстерге қолданылады.
Сондай-ақ 28 ақпанда Air Astana және FlyArystan әуе компанияларының рейс кестелеріне өзгерістер енгізілді:
– KC263 Алматы – Медина, KC897 Алматы – Дубай, KC653 Алматы – Доха, KC205 және KC207 Астана – Дубай рейстері ұшу әуежайларына кері қайтарылды;
– KC899 Алматы – Дубай рейсі Дели қаласына бағытталды;
– FlyArystan компаниясының FS7617 Ақтау – Дубай рейсі қосалқы әуежайға қондырылды;
– Таяу Шығыс бағытындағы қалған рейстер тоқтатылды.
SCAT әуе компаниясының 28 ақпан мен 1 наурыз күндеріне арналған кестесінде бұл бағыттар бойынша рейстер жоқ.
Сонымен қатар, шетелдік әуе компаниялары (Qatar Airways, Air Arabia, Air Arabia Abu Dhabi, Flydubai, Jazeera Airways, Air Cairo, Red Sea) өз кеңселері мен туроператорлармен бірлесіп іс-қимыл жоспарын әзірлеуде. Ирандық әуе тасымалдаушылардың кестесінде де өзгерістер байқалады: Qeshm Air компаниясының 28 ақпандағы рейстері тоқтатылды, ал Pars Air компаниясының 28 ақпан мен 3 наурыз аралығындағы кестесінде рейстер көрсетілмеген.
Әуе компаниялары мен әуежайлар жолаушыларға өзгерістер туралы ақпаратты SMS, e-mail, мобильді қосымшадағы push-хабарламалар және ресми сайттар мен әлеуметтік желілер арқылы уақтылы жеткізуде.
Жолаушыларға көмек көрсету мақсатында «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ жанынан тәулік бойы жұмыс істейтін колл-орталық іске қосылды:
+7 7172 79 82 13
+7 7172 79 82 14
+7 7172 79 82 15
Рейстердің мәртебесін нақтылау үшін келесі байланыс нөмірлеріне хабарласуға болады:
Air Astana: +7 727 244 44 77, +7 7172 58 44 77, +7 702 702 44 77
FlyArystan: +7 727 331 10 10 (WhatsApp: +7 702 702 02 27)
SCAT: +7 7252 99 88 80
Qazaq Air: +7 727 356 14 14
«Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежай» АҚ: +7 7172 702 999
«Алматы халықаралық әуежайы» АҚ: +7 727 228 00 19
Жолаушыларға рейстердің өзекті мәртебесін әуе компанияларының ресми сайттары арқылы алдын ала тексеру ұсынылады.
Айта кетейік, 2026 жылғы 28 ақпанда Иранда жарылыстар тіркелді. Израиль Қорғаныс министрі Исраэль Кац әуе соққылары Израильге төнген қауіптерді жоюға бағытталғанын мәлімдеді. Шабуылға АҚШ-тың қатысы бар екені айтылып, кейін Дональд Трамп видеоүндеу жариялап, кең ауқымды операция басталғанын хабарлады. Сонымен қатар, Air Astana Таяу Шығыс бағытындағы рейстерді уақытша тоқтататынын мәлімдеді.



