Жаңалықтар
Қазақстан ауруханаларында медицина қызметкерлерін сақтандыруға ақша жоқ: Енді олар заңсыз жұмыс істейді
Фото: pixabay.com
Қазақстандағы әрбір ірі аурухана дәрігерлері мен медбикелерін сақтандыруға 20-25 миллион теңге жұмсауы қажет. Алайда мұндай ақша оларда жоқ. Бұл туралы qandastar.kz ақпарат агенттігі «Время» газетіне сілтеме жасап хабарлайды.
Дәрігерлерді сақтандыратын Мedpul.kz платформасы 18 қазанда ашылды. Ал медициналық қызметкерлерді сақтандыру туралы заң 23 қазаннан бастап күшіне енді. Қазақстандағы 8 мыңға жуық барлық денсаулық сақтау объектілері сақтандыруға міндетті.
Алайда сарапшылардың айтуынша сақтандыру сомасын қалта көтермейді.
«Мәселен Алматыдағы бір мемлекеттік көпсалалы клиникалық аурухананың медициналық персоналы 600-800 адамға тең. Оның ішінде 200-ге жуығы хирург. Әр дәрігердің сақтандыруы шамамен 88 000 теңге болады. Сонда жалпы алғанда бұл 18 миллион теңгеге жуық. Сонымен қатар орташа медицина қызметкерлері бар. Ауруханаға шамамен 20-25 миллион теңге шот қойылады», – деді Алматы клиникалары қауымдастығының атқарушы директоры, заңгер, дәрігер Расул Дүйсенов.
Ақмола облысының Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің «SENIM» жергілікті кәсіподағының төрағасы Серік Кәкенов ауруханалардың бас дәрігерлері сақтандыруға қосымша ақша бөлуге үміттенетінін айтты.
«Қазір медициналық сақтандыру қоры клиникаларға шілде-тамыз айларында көрсетілген қызметтер үшін ақша аударып жатыр. Ол ең алдымен жалақы мен шұғыл төлемдерге жұмсалады. Біздің аймақтағы мемлекеттік ауруханалардың көпшілігінде кредиторлық берешек бар. Яғни салықты, жеткізушілер қызметі мен кәсіподақ жарналарын уақытында төлеуге мүмкіндігі жоқ. Ал қызметкерлерді сақтандыру үшін бірнеше миллион теңгені қайдан алады?
Жақында Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық қызмет көрсету тарифтерін көтеру туралы бұйрығы шықты. Айтуларынша, сол арқылы ауруханалар сақтандыру шығынын жабуы керек. Бірақ тариф құны шамалы ғана өскендіктен бар шығынды өтеуі екіталай. Сондықтан бас дәрігерлер Денсаулық сақтау министрлігінен жауап күтіп отыр. Мұндай жағдайда қалай әрекет ету керек және сақтандыруға қосымша қаражатқа сене ала ма?», – дейді Какенов.
Сарапшылар сақтандыру шартынсыз бақылаушы органдар клиникаларға айыппұл сала алатынын жеткізді. Немесе оларға медициналық қызметті жүзеге асыруға тыйым сала алады. Тіпті әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.