Әлеумет және қоғамЖаңалықтарҚаржы және төлемдерЭкономика және бизнес

Қазақстан банктерінің активтері рекордтық 73 трлн теңгеге жетті

2026 жылдың мамыр айының қорытындысы бойынша Қазақстанның банк секторының жиынтық активтері тарихи ең жоғары деңгейге көтеріліп, 73 триллион теңгеге жуықтады. Активтердің ең жоғары өсімін Bank RBK көрсетсе, үздік үштікке ForteBank пен Отбасы банк енді.

2026 жылдың мамыр айының қорытындысы бойынша Қазақстанның банк секторының жиынтық активтері тарихи рекордқа жетіп, шамамен 73 триллион теңгені құрады. Бұл туралы Ranking.kz мәліметтеріне сілтеме жасаған Qandastar.kz хабарлады.

Мамыр айында екінші деңгейлі банктердің активтері бір айда 2,3 пайызға, яғни 1,6 триллион теңгеге ұлғайды. Бұл – жыл соңындағы дәстүрлі өсімді есепке алмағанда, соңғы бір жылдағы ең жоғары айлық өсімдердің бірі.

Нарықтағы негізгі өсімді еліміздегі ең ірі он банк қамтамасыз етті. Олардың жиынтық активтері бір ай ішінде 2,4 пайызға немесе 1,5 триллион теңгеге артты. Қазіргі таңда аталған банктер Қазақстан банк жүйесіндегі барлық активтердің шамамен 89 пайызын иеленіп отыр.

Мамыр айындағы ең жоғары өсім қарқынын Bank RBK көрсетті. Банктің активтері бір айдың ішінде 10 пайызға ұлғайып, 267,1 миллиард теңгеге артты. Соның нәтижесінде қаржы институты ең ірі екінші деңгейлі банктер рейтингінде үш сатыға көтеріліп, актив көлемі бойынша жетінші орынға жайғасты. Мамыр айының соңында оның активтері 2,9 триллион теңгеге жетті.

Сарапшылар мұндай нәтижені банктің корпоративтік және бөлшек бизнес бағыттарын қатар дамытуымен, депозиттік өнімдерді жетілдіруімен және төлем карталары желісін кеңейтуімен байланыстырады.

Активтердің өсуі бойынша екінші орында ForteBank тұр. Оның активтері бір айда 5,1 пайызға немесе 253 миллиард теңгеге артып, 5,2 триллион теңгені құрады.

Үшінші орынға Отбасы банк орналасты. Қаржы ұйымының активтері 4,1 пайызға өсіп, 5,8 триллион теңгеге жетті.

Ал үздік бестікке сондай-ақ Банк ЦентрКредит (2,3 пайыз) пен Halyk Bank (2 пайыз) енді.

Жалпы, Қазақстанның банк секторы соңғы жылдары тұрақты даму қарқынын сақтап келеді. Банктердің капиталы ұлғайып, несие беру көлемі артып, халық пен бизнес тарапынан қаржы институттарына деген сенім күшейген. Қаржы ұйымдары экономиканың түрлі өзгерістеріне бейімделіп қана қоймай, ел экономикасының өсіміне де елеулі үлес қосып отыр.

Соңғы бес жыл ішінде қазақстандық банктердің жиынтық активтері екі еседен астам өсті. Ал 2022–2026 жылдар аралығында активтердің орташа жылдық өсімі 16,6 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш 2017–2021 жылдардағы орташа 7,7 пайыздық өсімнен екі еседен астам жоғары.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button