Жаңалықтар
Қазақстан биыл өз зымыранын ғарышқа ұшырмақ

Фото: Егемен Қазақстан
Қазақстан биыл өз зымыранын ғарышқа ұшырмақ. Қазір ол үшін қаржы бөлініп, айлақ дайындалып жатыр. Ал алдағы 5-10 жылда төртінші қазақ ғарышқа сапар шегуі мүмкін, деп хабарлайды qandastar.kz ақпарат порталы.
Байқоңырдан 73-ұзақ мерзімді экспедиция ғарышқа аттанды. Зымыран тасығыш әуеге көтерілгеннен кейін 9 минут өткен соң орбитаға шықты. Экипаж мүшелері халықаралық ғарыш стансасында 50-ге жуық ғылыми тәжірибе жүргізіп, 9 желтоқсанда жерге оралмақ.
Биыл — Байқоңыр ғарыш айлағының ресми түрде құрылғанына 70 жыл. 78 жастағы Нұртілеу Салықов бала күнінен мұндағы тіршілікке қанық. Кейіннен өзі сонда жұмысқа орналасып, көптеген ұшырылымға куә болған. Айтуынша, бұл жердің ғарыш айлағы ретінде таңдалуы тегін емес.
«Атамыз қазақ бұдан бірнеше ғасыр бұрын бұны «жер кіндік» деп атаған. Сол қазіргі жер кіндік Гагаринский старт, ұшу алаңына айналып отыр», — дейді ол.
Биыл Ұлттық ғарыш орталығында зымыран тасығыш жасау жұмысы басталады. Бұл елдің астронавтикада өзін шындап танытуына мүмкіндік береді, дейді мамандар. Отандық станциядан алғашқы ұшырылым биылға жоспарланған.
«Бізде «Ғарышқа тәуелсіз қол жеткізу» деген бастама бар. Біздің ғылыми жұмысымыз 2021 жылдан бері жүргізіліп келеді. Бұл технологияны игеруге мықты химиктер мен физиктерді жинадық. Биыл шағын метеориттік зымыран жасап, осы технологияны меңгеруді жоспарлап отырмыз», — дейді Қазақстан аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов.
Байқоңыр ғарыш айлағы әлемге ғылыми-техникалық прогреске, ал адамзатқа ғарышқа жол ашты. Ғарыш дәуірі бастау алған алаңнан биыл 10-ға жуық зымыран ұшыру жоспарланған. Соған сай жұлдызды қалашыққа 20 мыңға жуық турист келеді деп болжанып отыр.