Жаңалықтар

Қазақстан ғарыш саласын дамыту үшін Қытайдан 100 миллион юань грант алады

Шанхай Ынтымақтастық ұйымы саммитінің бірінші күнінде Қазақстан мен Қытай ғарыш саласын дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды,-деп хабарлайды Qandastar.kz

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев еліміздің Қытай халық республикасынан ғарыш саласын дамытуға 100 миллион юань (6 миллиард 499 миллион 292 мың теңге) грант алғанын мәлімдеді.

“Аталған қаражатты пайдалануды реттейтін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Жобалар талқылау сатысында. Есептеу астрономиясын, астрофизикадағы модельдеуді бірлесіп дамыту, ғылыми-техникалық инфрақұрылымды нығайту, Қытайда тәжірибе алмасу, оқыту және тағылымдамадан өту жоспарланып отыр”, – деді министр.

Министр екі елдің Халықаралық ғылыми ай станциясын құру және пайдалану туралы меморандумға қол қойғанын айтты.

Қазақстандық мамандар ғарышты терең зерттеуде тәжірибе жинақтайтын болады. «Ғалам» ЖШС және «В. Г. Фесенков атындағы «Астрофизика институты» ЖШС компаниялары ай телескопын жасауды жоспарлап отыр. Зерттеу нәтижелері жас мамандарымыздың математикалық модельдеу, инженерлік талдау, дәлме-дәл механика, материалтану, ғарыштық аспаптар жасау және астрофизика саласындағы білім деңгейін арттыруға ықпал ететініне сенімдіміз», – деді ол.

Сондай-ақ министрлік инвестиция тартуды және қытайлық Deep Blue Industry Co., LTD компаниясымен және Қытай Халық Республикасының Индустрия және ақпараттық технологиялар министрлігімен ынтымақтастықты дамытуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев пен Си Цзиньпин Қазақстанның Бейжіңдегі және Қытайдың Астанадағы мәдени орталықтарын салтанатты түрде ашқаны туралы жазған едік. Сондай-ақ Астанада Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалы ашылатыны хабарланған еді.

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close