Жаңалықтар
Қазақстан: Газ экспорты қалай дамып жатыр?
Фото: globalnews.kz
Қазақстандағы негізгі газ экпорты Қытайға бағытталған. 2018 жылы бес жылдық уағда жасалып, Қазақстан тарапы жылына 10 млрд текше метр газ жеткізуге міндет алғаны есте. Кейінгі жылдары меженің толық орындалғаны аз, 2022 жылы экспорт көлемі – 4,4 млрд текше метр, өткен жылы 5,857 млрд текше метрді құрады. Қыс айларында туындайтын ішкі нарықтағы тапшылықтан тасымалды тоқтататын кез де кездесті.
Неліктен? Себебі шикізат құрылымы мен сұраныста жатыр. Қазақстандағы газдың басым бөлігі – мұнай аралас ілеспе газ. Тауарлы газға айналдыру үшін арнайы зауыт керек. Әзірге отандық екі зауыттың өндіріс қуаты экспорт жүктемесін орындауға жеткіліксіз. Амал жоқ, шикізатты Ресейге тасымалдап, табиғи газ түрінде қайтып алып отырмыз.
Ішкі нарықтағы сұраныс та экспорт әлеуетін тежеп келеді. Энергетика министрлігінің мәліметінше, өткен жылы өндірілген 29,8 млрд текше метр тауарлық газдың 19,4 млрд текше метрі елде қалған.
2013 жылы газ өндіру көлемі 42,3 млрд текше метр болса, өткен жылы 59,1 млрд текше метрге дейін ұлғайды. 2030 жылға қарай 91 млрд текше метрге жетеді деген болжам бар. Өндіріс көлемінің өсуі Қытайға газ экспортын тоқтаусыз жүргізуге көмек бере ме? Сарапшылар пікірінше, ол үшін алдымен «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының тасымал қуатын арттыру өзекті екен. Аталған құбыр батыс өңірдегі газды Қытайға тасымалдайтын «Орталық Азия – Қытай» құбырына жеткізуде шешуші рөл атқарады. Ал өткізу қуаты әлсіз – жылына 15 млрд текше метр. Салыстырмалы түрде алсақ, Қытайға газ эскпортындағы басты бәсекелес Ресейдің «Сібір күші» газ құбыры жылына 38 млрд текше метр газ өткізуге қуақарлы. Сондықтан Қазақстан 2026-2027 жылдарға дейін «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісін салуды жоспарлап отыр.
Фото: жеке қорынан
Транзиттен табысқа дейін
Географиялық артықшылық Қазақстанды Орталық Азия газ транзитіндегі басты ойыншыға айналдырды. Қазір кеңес кезінінен алыптасқан магистраль мен жаңа газ құбырлары арқылы түрікмен мен өзбек газын Қытай мен Ресейге тасымалдап отырмыз. Кейінгі жылдары Өзбекстанда пайда болған газ тапшылығы транзиттеу көлемін артыруға мүмкіндік беріп, табысты ұлғайтты. Мысалы, өткен жылы Қазақстан арқылы ала шапанды ағайынға 1,28 млрд текше метр газ жетсе, биыл 3,8 млрд текше метр деп межеленген. Алдағы уақытта 11 млрд текше метрге дейін ұлғайту жоспары бар. Мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетовтің сөзінше, сұраныс артпаса, кемімейді.
– Әуелгіде «Орта Азия-Орталық» газ құбыры Өзбекстан газын Ресейге, одан әрі Еуропаға жөнелтуға арналған. Мұны екі мемлекет те тиімді пайдаланып келді. Алайда 2022 жылы Өзбекстанда газ тапшылығы туындап, ел тарихында болмаған қадам – Ресейден газ сатып алуды бастады. Биыл бірінші тоқсанда «Газпром» 320 млн долларға келісім жасады. Бұл статистика жыл сайын ұлғая береді деп ойлаймын. Себебі Өзбекстандағы 85 пайыз электр қуаты газға тәуелді. Оның үстіне халық саны артты, өндіріс саны көбейді. Міне, осы жағдайда Қазақстан транзиттік құн арқылы табыс табуға мүмкіндік алады, – деді сарапшы.
Расында, бұған дейін Өзбекстан Қырғызстаннан әкелінетін көмірден бас тартып, барлық жылу мен электр станциясын газға көшірген. Көп өтпей бірнеше ірі жоба арқылы газ-химиялық кешендер құрылысын бастады. Ал газ өндірісінің көлемі сұранысқа дайын болмай шықты. Мысалы, олар 2022 жылы 51,7 млрд текше метр газ өндірсе, өткен жылы 46,7 млрд текше метрден асырмады. Сондықтан Үкімет те тасымал тарифінен түсетін пайдадан қағылғысы жоқ. Жыл сайын «Орта Азия-Орталық» газ құбырын жаңартып, қосымша желілерді жөндеуде. Жуырда Президент алдында есеп берген «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов аталған құбырды жаңғырту бойынша дайындық жұмысы басталғанын айтқан.
Қазақстан транзиті үшін ашылған келесі мүмкіндік есігі – Түрікменстан. Бірнеше ай бұрын «QazaqGaz» ұлттық компаниясы мен «Түрікменгаз» мемлекеттік концерні арасында келісім орнап, Қазақстан Түрікменстан газын тасымалдауға әрі сатуға мүмкіндік алды. Мұның маңызы сол, газ қоры бойынша әлемдегі екінші орын алатын кеніште 27,4 трлн текше метр шикізат бар. Өңдеуді қажет етпейтін табиғи газ. Үкімет инвестиция салу арқылы түрікмен газын ішкі нарықты қамтамасыз етуге, тіпті Қытай алдындағы міндеттемені орындауға пайдалануы ықтимал.
Ерсін Шамшадин
Ескертпе: Материал мазмұны мен дереккөз шынайылығына автор жауапты