Қазақстан Халық партиясының кезектен тыс XX съезінде партияның жаңа төрағасы сайланды. Делегаттардың дауыс беру қорытындысы бойынша бұл қызметке Нұрсұлтан Шоқанов тағайындалып, ол Ермұхамет Ертісбаевтың орнына келді, дейді Qandastar.kz сайты.
Съезд барысында Ермұхамет Ертісбаев соңғы үш жылда атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, осы кезеңде партия қатарына 43 мыңнан астам жаңа мүше қабылданған. Сонымен қатар Мәжілістегі партия фракциясы Үкіметке 591 депутаттық сауал жолдаған.
Жиында партияның жаңартылған Жарғысы қабылданып, жаңа фирмалық стилі таныстырылды. Партия өкілдерінің айтуынша, бұл өзгерістер ұйым қызметін жетілдіруге, партиялық тәртіпті күшейтуге және оның заманауи бейнесін қалыптастыруға бағытталған.
Нұрсұлтан Шоқанов KIMEP университетінде «Қаржы» мамандығы бойынша білім алып, кейін Швейцариядағы IMD бизнес мектебінде Executive MBA бағдарламасын тәмамдаған. Еңбек жолын халықаралық Ernst & Young компаниясында бастап, кейін мұнай сервистік компанияларда басшылық қызметтер атқарған. 2009 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысып келеді.
Сондай-ақ ол Алматы қаласы мәслихатының депутаты болған, Қазақстан Халық партиясының Алматы қалалық және Алматы облыстық филиалдарын басқарған. Бұдан кейін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары қызметін атқарған.
Айта кетейік, бұған дейін «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтың орнына Дәния Еспаева, ал «Ауыл» партиясында Серік Егізбаевтың орнына Қайрат Айтуғанов сайланған болатын.
