1 қаңтардан бастап Қазақстанда қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесі 16 пайызға дейін көтерілді. Өзгерісті Еуропа елдеріндегі ҚҚС деңгейімен салыстырып қарауға болады. Qandastar.kz ақпарат порталы оның нәтижесін Energy analytics Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Еуропадағы ең жоғары ҚҚС мөлшерлемелері:
- Венгрия – 27%
- Финляндия – 25,5%
- Дания, Норвегия, Швеция, Хорватия – 25%
Ал ең төмен мөлшерлемелер қатарында:
- Швейцария – 8,1%
- Қазақстан – 16%
- Люксембург, Босния және Герцеговина – 17%
Осылайша, Қазақстандағы ҚҚС мөлшерлемесі көптеген еуропалық елдермен салыстырғанда төмен деңгейде қалып отыр. Алайда сарапшылар маңызды бір жайтқа назар аударады.
Егер ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі күрделі әрі түсініксіз салықтық әкімшілендірумен, жоғары инфляция кезеңімен қатар келсе, онда бизнес пен халыққа түсетін нақты салық жүктемесі қағаз жүзіндегі «бірнеше пайыздық өсімнен» әлдеқайда ауыр болуы мүмкін.
Сарапшылардың пікірінше, мәселе тек ҚҚС мөлшерлемесін көтеруде емес. Ең бастысы – жиналған салық қаражатын тиімді әрі ашық жұмсау. Сонда ғана қоғам мен бизнес салықтың нақты нәтижесін мемлекеттік қызметтердің сапасынан, инфрақұрылымның дамуы мен басқару деңгейінің жақсаруынан көре алады.



