Жаңалықтар
Қазақстан көкпардан Көшпенділер ойынының чемпионы болды
фотосурет: Спорт қоры
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында төрт күн Астананың төріндегі «Қазанат» атшабарын дүбірге бөлеген көкпар ойындары бүгін мәресіне жетті, деп хабарлайды qandastar.kz.
Ақтық сында Қырғызстан көкпар командасымен сайысқа түскен қазақстандық шабандоздар 5:4 есебімен жеңіске жетіп, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алтын жүлдесін қанжығалады.
Қырғыз көкпаршылары күміс жүлдегер атанды.
Айта кетейік, финалда кездескен қазақ пен қырғыз көкпаршылары арасында жанжал туындады.
Ойын кезінде жағдай ушыққан соң мәселеге тәртіп сақшыларының араласуына тура келді. Атқа мінген көкпаршылар алаң сыртына шығып, бір-бірімен біршама уақыт ерегесті.
Ұзақ үзілістен кейін ойын жалғасты және Қазақстан командасы есепті теңестіріп қана қоймай, алға шықты. Есеп 4:3. Алайда ойынның соңғы секундтарында қырғызстандық көкпаршылар тағы бір салым салып, ойынды теңестіріп, негізгі уақыт 4:4 есебімен тең нәтижемен аяқталды.
Төрешілер қосымша 10 минут уақыт қосты. Осы шешуші сәтте алғашқы салымды қазақ көкпаршылары салып Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанды.
Жеңімпаз көкпаршыларға 10 млн теңге сыйақы беріледі.
Яғни орын үшін — 10 млн теңге; 2 орын үшін — 6 млн теңге; 3 орын үшін — 4 млн теңге белгіленген.
Сондай-ақ, Көк бөрі республикалық федерациясының президенті Бауыржан Әбдірашитовтың атынан мынадай жүлде қоры белгіленген:
Көкпар бойынша бірінші орын үшін әр спортшы мен әр жаттықтырушыға 5 млн теңгеден;
Көк бөрі бойынша бірінші орын үшін әр спортшы мен жаттықтырушыға 10 млн теңгеден.