Қаржы саласының сарапшысы Айбар Олжаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ сапары еліміз үшін берекелі аяқталғанын атап өтті. Оның айтуынша, сапар барысында 17 миллиард долларлық инвестициялық келісімге қол қойылды, бұл Қазақстанның өндірісі мен экономикалық белсенділігін одан әрі арттырады, деп жазды qandastar.kz
«Сирек кездесетін металдар нарығында Қазақстан белді ойыншылардың біріне айналмақ. АҚШ елімізге 100 миллиард доллардан аса инвестиция салған ең ірі инвестор болып қала береді», – деді сарапшы.
Айбар Олжаевтың дерегінше, соңғы жылдары Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы екі есе өсіп, 5 миллиард долларға жуықтады. Қазақстан Америкадағы уранға сұраныстың шамамен 25%-ын қамтамасыз етеді, елде 630-дан астам америкалық компания жұмыс істейді.
Сарапшы атап өткендей, Қазақстан АҚШ-тың Орталық Азиядағы негізгі сауда серіктесіне айналған. Аймақтағы америкалық инвестициялардың 80%-ы елімізге тиесілі, ал тәуелсіздік алғаннан бері тартылған АҚШ инвестициялары 60 миллиард доллардан асты. 2024 жылы бұл көрсеткіш 869 миллион доллар болса, 2025 жылдың бірінші тоқсанында 362,4 миллион доллар болды.
Сондай-ақ, Айбар Олжаев Қазақстанның сыртқы саясаттағы жетістіктеріне де тоқталды. «Джексон–Вэник түзетулері алынып тасталды. Бұл Қазақстанның АҚШ Конгресі мен еврей ұйымдарының сеніміне ие болғанының көрінісі. Биыл Авраам келісіміне қосылуымыз да қосымша үлкен ұпай әкелді», – деді сарапшы.
Оның пікірінше, Қазақстан биыл сыртқы саясат пен инвестициялық нетворкинг бойынша барлық мақсаттарын орындады, ал қорытынды нәтижені желтоқсан айында бағалайтын болады.



