
Қазақстанның сыртқы істер министрі Брюссельде өткен «Қазақстан – Еуропалық одақ» ынтымақтастық кеңесінің отырысына қатысып, тараптар визалық режимді жеңілдету мәселесін талқылады, деп жазды qandastar.kz сайты NUR.KZ порталына сілтеме жасап.
Кездесу барысында халықаралық байланыстарды кеңейту, студенттер, ғалымдар және кәсіби мамандар үшін жаңа мүмкіндіктер ашу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тараптар 2 желтоқсанда Брюссельде басталатын Қазақстан азаматтарына арналған визалық режимді жеңілдету және реадмиссия туралы келіссөздерді құптады.
«Бұл қадам гуманитарлық байланыстарды нығайтуға, студенттер мен зерттеушілер үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға, сондай-ақ азаматтардың мобильдігін арттыруға ықпал етеді», – делінген ведомство хабарламасында.
Көшербаев пен Каллас тараптардың саяси диалогты дамытуға, сауда мен инвестицияны кеңейтуге, өңірлік өзара байланыс пен гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетуге бейілді екенін растады.
Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб өткізген келіссөздер барысында да миграциялық саясат және визалық режимді либерализациялау мәселелері маңызды тақырыптардың бірі болды.
Тараптар Қазақстан мен ЕО арасындағы визалық режимді жеңілдетуге бағытталған келіссөздердің басталуын құптап, тиісті келісімнің уақытылы жасалуына мүдделілік білдірді.



