Қазақстан мен Грузия Ішкі істер министрліктері арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
2026 жылдың ақпан айында Қазақстанға Грузия ІІМ делегациясы ресми сапармен келді. Сапар барысында ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденов грузиялық әріптесі Гела Геладземен кездесті. Кездесу кезінде тараптар қылмыспен күрес саласындағы өзара іс-қимылды күшейту, тәжірибе алмасу және бірлескен жұмыстарды үйлестіру мәселелерін талқылады.
Бұл сапар екі елдің құқық қорғау органдары арасындағы серіктестікті нығайтуға бағытталды. Ынтымақтастық нәтижесінде Грузия тарапы Қазақстанның сұрауы бойынша халықаралық іздеуде жүрген бес адамды ұстады. Олардың төртеуі алаяқтық, ал біреуі есірткі айналымына байланысты қылмыстар үшін іздеуде болған.
Сонымен қатар, Батуми қаласында 37 жастағы Қазақстан азаматы қолға түсті. Ол 2014-2020 жылдары Алматыда ұйымдасқан топ құрамында қаржы пирамидасын құрған. Күдіктілер азаматтардан инвестиция ретінде ақша жинап, нақты табыс ұсынбаған, ал төлемдер жаңа қатысушылардың қаражаты есебінен жүргізілген.
Аталған заңсыз әрекеттердің салдарынан 1451 адам зардап шегіп, келтірілген шығын көлемі 10,4 млрд теңгеден асқан. Қазақстан полициясы іздеуде жүрген қылмыскерлерді анықтау және ұстау бағытында шетелдік әріптестермен бірлескен жұмысты жалғастырып жатыр.



